Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Жиында Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының жаңа басшысы таныстырылды.
Алдымен аймақ басшысы 2022 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы лауазымын абыроймен атқарып келген Руслан Рүстемовті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануымен құттықтап, сәттілік тіледі.
«Руслан Рүстемовты аймақ жұрты жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен және қай қызметте болмасын өзін білікті басшы, мықты ұйымдастырушы, тәжірибелі азамат ретінде танытып келді.
Руслан Рүстемұлының аймақтың өсіп-өркендеуі жолындағы 30 жылға жуық жергілікті атқарушы органдағы үздіксіз қызметіне шынайы алғысымды білдіре отырып, алдағы қызметіне абырой тілеймін. Алдағы уақытта депутаттық аманатқа адалдықпен қарап, Сенат мінберінен Сыр еліндегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп, туған жеріңіздегі байырқалы бастамаларды қолдайды деп сенеміз», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Руслан Рүстемовті Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен Сыр жұртшылығының атынан марапаттады.
Өз кезегінде, Руслан Рүстемұлы облыс әкіміне көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің келісімдері бойынша облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы лауазымына Қазбекова Мира Жомартқызы тағайындалды.
Облыс әкімі Н.Нәлібаев басқарманың жаңа басшысын таныстырып, Сыр елінің мәдениеті мен спортында бұдан да жоғары нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізетініне сенім білдірді.
«Мира Жомартқызы аймақтың әлеуметтік-саяси ахуалымен жақсы таныс, мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған, облыстың мәдени-рухани өмірін дамытуға зор үлесін қосып жүрген және мәдениет саласын жақсы меңгерген білікті маман.
Басқарманың аймағымыздағы саяси-мәдени және спорт саласын дамытуда алға қойған өзіндік міндеттері бар. Оның ішінде жерлесіміз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыкалық фестивалі, композитор Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» халықаралық әншілер байқауын өткізу, республикалық және халықаралық турнир мен чемпионаттарды абыроймен атқарып, облыстың озық дәстүрін сақтауды қалыптастыруға тиіс.
Сізге, өңір өркениеті үшін жаңадан басталған Өнер орталығы, Стадион құрылыстарының тиісті салалық құрылымдармен бірге талапқа сәйкес іске қосылуын қатаң бақылауды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, әріптестерін жаңа қызметтерімен құттықтады.
Мира Қазбекова 1984 жылы туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Экономика» және «Болашақ» университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының баспасөз клубының маманы ретінде бастаған.
2006-2011 жылдары Қызылорда қаласы және Қызылорда облысы әкімі аппараттарында түрлі деңгейде жауапты қызметтерде болған.
2011-2017 жылдары Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2017-2019 жылдары Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
2019-2020 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазымындарында абыройлы еңбек етті.
2020 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<