Сейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Евгений Кимнің төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда аймақтың әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған қаржының жұмсалу барысы сөз болды.
Алдымен жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан міндеттемелердің орындалуы жөнінде облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев баяндама жасады. Кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндірумен 2016 жылы 49 жер қойнауын пайдаланушы айналысса, қазіргі күні 90 келісімшарт негізінде олардың саны 61-ге жетіп отыр. жер қойнауын пайдаланушылардың басым бөлігі Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандарында орналасқан.
– Олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық әрі инфрақұрылымдық дамуына бөлген қаржысы облыстық бюджетке аударылып келеді. Бұл туралы салық органдарына мәлімет беріп тұрамыз. Ал өзара келісімшарт талаптарының орындалуы бақылауда, – деді басқарма басшысы.
Мәжілісте сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан бөлінетін қаржының жұмсалуы, «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорнының аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуы, салық кодексіндегі өзгерістер мен олардың орындалуы жөнінде айтылды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<