Мобильді аударымдар: маңызы мен міндеті көп

327

0

Кеше өңірлік коммуникация қызметінде көпшілікті толғандырған электронды төлемдердің жүргізілу тәртібі мен мобильді аударымдар туралы брифинг өтті. Жиында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков пен аталған департаментке қарасты камералдық мониторинг басқармасының басшысы Гүлнар Исаева мәселеге қатысты маңызды жайттарға тоқталды.

2021 жылдан бері елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация басталғаны белгілі. Оның ең басты мақсаты – адамдарды санатына бөлместен әділдік орнатып, әлеуметтік саясатты жетілдіру болатын. Осы арқылы мемлекет әр жеке тұлғаның кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құрады, қоғамдағы сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі бизнестің жолын кеседі. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер мен жұбайлары, оларға теңестірілген тұлғалар декларациядан өтсе, екінші кезеңде мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектордағы жұмыскерлер, жұбайлары есеп бере бастады. Міне, биылдан бастап үшінші кезеңге қадам бастық. Бұл жолы декларация кезегі жеке кәсіпкерлерге келді. Әйтсе де үшінші кезең басталғалы қоғамда көптеген сауал туындағаны жасырын емес, әсіресе кәсіппен нәпақасын тапқандар үшін.

– Жалпы үшінші кезеңде өңірімізде 127 мыңнан астам адам декларация тапсырады деп күтіліп отыр. Келесі жылдан бастап 18 жастан асқан кез келген ел азаматы декларация тапсыруға міндеттеледі. Онда қаржылық тұрғыдан барлық жағдайын бүкпесіз көрсетуі тиіс, – деді Е.Елшібеков.

Қазір көпшілік мобильді аударымнан сескеніп қалды десек жасырын емес. Бір азаматтың есепшотына 3 ай қатарынан 100-ден астам адамнан ақша түссе, салық органдары ол азаматты бақылауға алады. Себепсіз емес, өйткені елде көлеңкелі жолмен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ ақша табатындар бар. Кей кезде тіркелген кәсіпкерлердің өзі тұтынушыға мобильді аударым жасатып, табысының бір бөлігін жасырып қалатын. Сондықтан мобильді аударымдарды бақылауға қажеттілік туғаны шындық.

– Кей азаматтар анық-қанығын білмей жатып, шу шығарады. Шындығында бұл бақылау кәсіпкерлердің табысын нақтылау үшін жасалған. Егер азаматтардың картасына жақындарынан, тойға ақша жинау мақсатында, қайырымдылық үшін қаржы түсіп жатса, оны дәлелдеу оңай, ешқандай айыппұл немесе салық төлемей, еркін жүре алады, – деді Гүлнар Исаева.     

Биыл 12 ақпаннан бастап букмекерлер ойыншылардың бәс тігу жайлы деректерін салық органына тапсыратын болды. Осыған дейін бұл ақпарат шыққанымен, ойыншылардың ұтысынан салық қалай ұсталатыны, есептеу тәсілдері туралы айтылмаған еді. Бұған дейін газетте осы кемшілікті айтып, оқырманға сараптама ұсындық. Сәтін салғанда бұл сауалға спикерлер жауап берді.

– Бұрын лотореядан жеңген адамдардың ұтысынан ұйымдастырушылар салық мөлшерін ұстап қалып, мемлекет есебіне аударатын. Аталған мәселеде де дәл осындай тәсіл қолданылады. Ұтысы еселенген ойыншылардың төлеуі тиіс салығын букмекер ұстап қалып, мемлекетке тапсырады, – деп қысқа қайырды мамандар. 

Мадияр ТӨЛЕУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<