«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильді топтары наурыз айынан бастап бүгінге дейін Арал, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Сырдария аудандарына қарасты 9 елді мекенде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізді.
Қабылдаулар барысында шалғай ауыл тұрғындарынан 200-ден астам өтініш тіркеліп, бүгінге олардың 38%-і оң шешілген болатын. Жұмысшы топтың сапары апта барысында Қармақшы және Жалағаш, Жаңақорған мен Шиелі аудандарына қарасты 4 ауылдық округте жалғасуда. Мақсаты – шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындарды қабылдап, олардың әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ түйткілді мәселелерінің шешілуіне ықпал ету, бағыт-бағдар мен кеңес беру.
Ұсыныстар талқыланды
Сәрсенбіде «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Онда Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қ.Тоқаевтың кезектен тыс XXII партия съезінде берген тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын өзектендіруге қатысты ұсыныстар талқыланды. Онлайн форматта өткен жиынға аймақтық кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев пен партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов қатысты.
жауаптылар бекітілді
Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі М.Ералиевтің төрағалығымен өткен басқосуда аймақтық кеңестің жаңа құрамы мен ережесі таныстырылды.
Кеңес жоспарына жаңа ұсыныстар енгізілді. Сонымен қатар қатысушылардың келісімімен «Жастар – Отанға!» бағдарламасының және оны іске асыру жөніндегі облыстық жол картасындағы 5 негізгі бағыттың орындалуына жауапты кеңес мүшелері бекітілді.
Бірлескен отырыс
Апта ішінде облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшелерінің қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Онда инклюзияны қолдау кабинеттерін әдістемелік қамтамасыз етуді қаржыландыру мәселесі қаралды.
Білім беру ұйымдарында инклюзивтік білім беруді дамыту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген. Оның аясында 144 мемлекеттік балабақшада логопункт, 119 мектепте инклюзивтік қолдау кабинеттері және 8 ресурстық орталық ашылып, 151 дефектолог, логопед, олигофренопедагог, психолог, арнайы әлеуметтік педагог мамандар жұмыс істейді.
Семинар ұйымдастырылды
Партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен семинар өтті.
Семинар қабылдау бөлмесіне азаматтардан келіп түсетін арыз-шағымдар мен өтініштерді қарауда мемлекеттік органдар тарапынан орын алып жатқан кемшіліктерді болдырмау, мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігін көтеру мақсатын көздейді. Оның жұмысына кент, ауыл әкімдері, сонымен қатар басқа да санаттағы 25 мемлекеттік қызметші қатысты.
Делегаттар сайланды
Мемлекет басшысы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Қ.Тоқаев 26 сәуірде партияның кезектен тыс XXIІI съезін шақыру туралы шешім қабылдаған болатын.
Осыған орай партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысы өтіп, кезектен тыс өтетін съезд жұмысына Сыр өңірінен қатысатын делегаттар сайланды. Олардың құрамында облыс әкімі, аймақтық және аумақтық партия филиалдарының атқарушы хатшылары, республикалық саяси кеңестің мүшелері және «Jas Otan» жастар қанатының облыстық филиалы төрағасы бар. Атап өту керек, съезд жұмысы онлайн форматта өтеді деп жоспарланып отыр.
«Miras» кеңесі бас қосты
Президент өз Жолдауында жастарға үміт артатынын, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың қажеттігін атап, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын.
Партияның облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесі мүшелері бас қосып, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған «Балалар жылы» аясында балалар әдебиеті мен шығармашылығын дамыту мәселелерін талқылады.
Заңгерлік кеңес
Партия алаңында атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша бірлескен тақырыптық қабылдау өтіп, тұрғындарға құқықтық-заңгерлік кеңестер берілді.
Облыстық әділет департаментінің басшысы И.Бәкішева және жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының басшысы К.Десятниченконың қатысуымен өткен бұл қабылдау тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Сондай-ақ облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мағжан Ералиев қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, түсіндірме жүргізді.
Әскери-патриоттық диалог алаңы
«Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Qaisar» әскери-патриоттық диалог алаңы өтті.
Кездесуге Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері Қайрат Бисенов, Жандос Әлімбетов, Марат Орынбайұлы, 5547 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері және М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің студенттері қатысты.





