Облыстық мемлекеттік архивінде «Әйел бақыты – қоғам айнасы» тақырыбында білім, мәдениет, журналистика және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектермен кездесу өтті.
Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Қаршыға Есімсейітова, №268 мектеп-лицейінің директоры Жұлдызай Сейтжанова, «Облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева, және әнші Қуаныш Ахметқызы қатысты.
Кездесудің мақсаты – шаңыраққа шырақ, еріне қуат, бала-шағасына шуақ болып жүрген аналарымыздың тағылымды әңгімелерінен ғибрат алу.
Іс-шарада Күлән Жантемірқызы мен Қаршыға Құрмашқызы сөз алып, нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан Жұлдызай Қожамұратқызы «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген халықтық тәрбиенің отбасынан басталатынын, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ананы ардақтап, қариясын құрметтей білетін ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің маңызын айтты. Майра Қадірбекқызы әрбір адам қоғамда белсенді болу, өзін-өзі дамытып, әрдайым ізденіс үстінде жүру қажеттігін айтты. Мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген Қуаныш Ахметқызы өнегелі отбасының береке-бірлігін, асыл қасиеттерін, балаға тәлім-тәрбие беру, отбасындағы ата-ана рөлінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, жиында әйелдер қауымының қоғамдағы орны, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі сөз болды.
Кездесу соңында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғарғы колледжінің студенттері аналарға арнап ән шырқады және қонақтарға мерекелік сыйлықтар табысталды.
«СБ» ақпарат





