Бүгін, яғни қыркүйектің 28-і күні Арқа төрінде Сыр өңірінен барған ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің жәрмеңкесі басталды. Елордадағы жәрмеңке 2 күнге жалғасады. Онда Қызылорда және жеті ауданның шаруашылықтары мен кәсіпорындары 70 жүк көлігімен 600 тоннадан астам өнімді нарықтағыдан төмен бағада ұсынады.
Астана тұрғындары аймақтың брендіне айналған ақ күріштен, балық пен ас тұзы, ұлттық сусындар, қауын мен қарбыздан дәм татады. Бұл – шаруа мен диқан үшін де қуанышты мезет. Көктемнен басталған қызу еңбектің жемісін көретін кез. Берекелі күз осынысымен ерекше.
– Әдеттегідей жәрмеңкеге қызылордалық диқандар мен шаруалар жақсы дайындықпен келді. Биыл 300 тоннадан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннадай балық өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 180 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері жеткізілді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Сонымен қатар, дәл осы күні сырбойылық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Айта кетейік, биыл аймақтың аграрлық саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Өнім өндіруде, өсім артты. Сондай-ақ 190 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар, майлы дақылдар малазықтық дақылдар, картоп, көкөніс, бақша өнімдері бар. Егісті әртараптандыру бағытында, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы да дақылдар егілді.
Қазіргі таңда облыста егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күріштің жартысынан астамы орылып, бастырылуда. Диқандар мол өнімге негіз қалауда.
Өңірдің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Бүгінде Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің басым бөлігі – күріш. Ол Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне шығарылып жатыр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<