Нормашығармашылық – мемлекет пен қоғамның ажырамас бөлігі және ол мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Құқықтық мониторинг – нормашығармашылық ретінде, сол сияқты құқық қолдану практикасында да қолданыстағы құқықтық жүйені кешенді бағалау бойынша тұрақты жүйелі қызмет.
«Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес құқықтық мониторинг заңнамаға қайшы келетін, ескірген, сыбайлас жемқорлық және тиімді іске асырылмайтын құқық нормаларын анықтау, сонымен қатар оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу арқылы заңнаманың тиімділігін бағалау мен болжау мақсатында жүргізіледі.
Құқықтық мониторинг жүргізу тәртібі «Құқықтық мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Әділет министрінің бұйрығымен нақты айқындалған.
Нормашығармашылық кез келген мемлекеттік органға берілмеген қызмет, оны қабылдауға тек заң шеңберінде ғана мемлекеттік басқару органдары құқылы. Ал нормативтік- құқықтық актілерді қабылдап, оны тиімді қолдану жеке мүдденің мәселесі емес, сондықтан барлық қабылданған нормативтік-құқықтық актілер Конституцияға, өзге де заңнамалық актілерге негізделуі тиіс. Ең бастысы, адам мен азаматқа және қоғам игілігі үшін қалтқысыз қызмет етуі қажет. Ол үшін нормативтiк-құқықтық актiлердің тұрақты әрі сапалы мониторингінің атқаратын ролі ерекше.
Осыған орай, мемлекеттік органдар өздері қабылдаған, әзірлеушілері болған не өздерінің құзыретіне жататын нормативтік-құқықтық актілердің мониторингін жүзеге асырады. Оларға өзгерістер және толықтырулар енгізу, күші жойылды деп тану жөніндегі шараларды уақытылы қабылдайды.
Әділет департаменті нормативтік-құқықтық актілерді қолданыстағы заңнамаларға сәйкестендіру бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен шаралардың уақытылы қабылдануын бақылайды және құқықтық мониторинг жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Сондықтан нормативтік-құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізу арқылы оларды қолданыстағы заңнамаларға сәйкестендіру нормашығармашылықтың қайнар көзі деп тұжырымдаймын.
Бижан САПАРБЕКОВ,
әділет департаментінің нормативтік-
құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің бас маманы





