Қызылордада автобус жүргізушісі таңғы уақытта көлік айдап келе жатып, жолдан өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел ауыр дене жарақатын алып, ауруханада қайтыс болған.
Әйелдің артында студент қызы және кәмелетке толмаған 2 кішкентай баласы қалған. Некесі сот шешімімен бұзылған. Балалардың әкесі қандай да бір көмек көрсетпейтіндіктен, әйел қайтыс болғаннан кейін кәмелетке толмаған балаларға қамқоршы тағайындалған.
Жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілер жолағында болған, яғни, қайтыс болған қала тұрғыны заң бұзбаған.
Автобус жүргізушісі сот үкімімен кінәлі деп танылып, 5 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, жаза шартты деп есептеліп, пробациялық бақылау белгіленген.
Қоғамдық көлік «Қызылорда автобус паркі» серіктестігіне тиесілі болған. Автобус жүргізушісі жұмысқа жақында қабылданып, сынақ мерзімінде жүрген. Оқиға болған кезде сынақ мерзімі аяқталмаған.
Жүргізуші жұмысқа толық қабылданбағандықтан, автобус иесі серіктестік болғандықтан, жол-көлік оқиғасынан келген моральдық зиянға серіктестік жауапты.
Қайтыс болған әйелдің үлкен қызы өзіне және кәмелетке толмаған інісі мен сіңлісіне моральдық зиянды серіктестіктен өндіру туралы талап қоюмен Қызылорда қалалық сотына жүгінген. «Автобус паркі» моральдық зиянды өндіру туралы талаппен келіспей, сақтандыру төлемдерін толығымен жүргізгенін көрсеткен. Жол-көлік оқиғасынан балалардың анасы қайтыс болған, марқұмның үлкен қыз баласы жоғары оқу орнында оқиды. Кәмелетке толмаған балалар анасынан айырылып, жан күйзелісін бастан кешіріп, психологтың көмегіне жүгінген, оларға моральдық зиян келген.
Осы негіздерге байланысты, Қызылорда қалалық сотының шешімімен марқұмның үлкен қызының талабы ішінара қанағаттандырылып, серіктестіктен студент қызға 3 000 000 теңге, кәмелетке толмаған 2 баланың әрқайсысына 3 000 000 теңгеден моральдық зиян өндірілді.
Осылайша, анасынан айырылған үш балаға жалпы сомасы 9 миллион теңге моральдық зиян өндіру туралы сот шешімі шығарылған.
Серіктестік сот шешімімен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым берген. Дегенмен, азаматтық істер бойынша сот алқасы шағымды қанағаттандырусыз, шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<