Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер мен сала ардагерлерін қабылдады. Кеш иелерін шұғылалы көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Патша да, батыр да анадан туады. Сіздердің сан салада қызмет атқарып, Сыр елінің өсіп- өркендеуіне, қарқынды дамуына қосып жатқан үлестеріңіз зор. Облыстағы барлық жетістіктер мен ортақ жеңісімізде сіздердің қолтаңбаларыңыз бар. Отбасыларыңызға береке, дендеріңізге саулық тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-ананың қоғамдағы орны бөлек. Өмірдің гүлі, көңілдің жырына айналған әйелдер облыстағы маңызды салаларда нәтижелі еңбегімен ерекшеленіп жүр.
Осыған орай, ортақ жетістікке үлкен үлес қосып келе жатқан оларға жан-жақты жағдай жасалып отыр.
Жиын соңында мереке иелеріне сый-сияпат көрсетілді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<