МРТ мен КТ: күту уақыты қысқарды

836

0

Аймақта 4 магнитті-резонансты томограф, 10 компьютерлік томограф бар. Олардың санының артуы осы диагностикалық зерттеулерге кезек күту уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл туралы медициналық ұйымдар мамандары тілшілерге арналған баспасөз туры барысында айтты. Іс-шараны ұйымдастырушы – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы.

Қала тұрғыны Ақсәуле Әшірбаеваның жүрегіне ашық ота жасалған. №1 емханада жарты жыл сайын күндізгі стационарда емделіп, міндетті тексеруден, яғни,  УДЗ-дан өтеді.

– 2018 жылдан бері жүрек ауруы бойынша есепте тұрамын, 2-топтағы мүгедекпін. Емдеу, дәрі-дәрмек, диагностикалық тексерулер – осының барлығын дер кезінде, тегін алып тұрамын. Алғаш рет кардиологқа жүгінгенімде ентігіп, жүру қиын болды. Қазір жағдайым жақсы, – дейді ол.

Ал облыс орталығынан ең шалғайдағы Арал ауданының тұрғыны Гүлжахан Назарованың басы қатты ауырып, бас айналуы мазалады. Себебін анықтау үшін науқасқа МРТ зерттеуі тағайындалды. Жергілікті дәрігердің тиісті жолдамасымен ол «INVIVO» клиникасына тегін тексерілуге келді.

–       Жақында МРТ сараптамасы тағайындалды. Қан қысымының жоғарылауы, оттегінің жетіспеушілігі, бас ауруы мазалайды. МРТ зерттеуінің нәтижесі бір күннен кейін белгілі болады. Денсаулығым жақсы деп үміттенемін, – дейді ол.

Осы орайда клиника мамандары МРТ сараптамасын күту уақыты қысқарғанын айтады. Бұрын апталап кезек күтуге тура келсе, қазір 1-2 күн. МРТ диагностикалық тексеру құны 17 мың теңге. Ал МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға тегін.

– МРТ тексеруінен өту үшін тіркелген емхананың емдеуші дәрігерінің жолдамасы қажет. «INVIVO» клиникасы мен емхана арасындағы келісім-шарт негізінде пациент бұл қызметті ӘМСҚ қаражаты есебінен тегін алады. Күн сайын аймақтың 40 шақты, жыл сайын 10 мыңға жуық тұрғынын қабылдаймыз. Негізінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетеміз, – деп атап өтті «INVIVO ВДП» ЖШС өңірлік директоры Қуат Төлешев.

Биылғы 9 айда облыстың 8 медициналық ұйымы жалпы сомасы 168,2 млн теңгеге 14 588 КТ қызметін, 4 медициналық ұйым  714,7 млн теңгеге 21128 МРТ қызметін көрсеткен. Консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыруға 13,2 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде МӘМС бойынша 11,4 млрд теңге.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<