Мәслихат құзыреті артты

365

0

Өзінің 25 жылдық тарихында жергілікті мәслихат құзыреті тиісті заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес біршама нығайды.

Қазіргі заңдылықтарға сәйкес жергілікті мәслихаттар мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, мәселелерге бағытталған шешімдер қабылдайды. Оны жүзеге асыру шараларын белгілеп, барысын бақылайды. Жергілікті өкілді орган ретінде, заң жүзінде мәслихаттарға берілген үлкен мүмкіндіктерді депутаттар өз жұмысын күшейтудің заңды құралы ретінде пайдалана алады. Атап айтқанда, мәслихаттар аймақтың даму жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті бекітеді. Қаржының нысаналы, тиімді орындалуын бақылайды, яғни, мәслихаттардың жергілікті атқарушы органдарының қаржы секторына ықпалы бар.

Екіншіден, атқарушы органдар жетекшілерінің есептерін қарау, мәслихат шешімдерін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының ла­уазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту бойынша тиісті органдарға ұсыныс бере алады. Кент, ауыл әкімдерін сайлайды, аудан, қала, облыс әкімдерін сайлауға келісім береді.

Мәслихат тиісті аумақ әкімдерінің есептерін тыңдау жолымен тиісті жергілікті бюджеттің, аумақтарды дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады. Әкім ұсынған есепті мәслихат екі рет бекітпеген жағдайда депутаттардың жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы  мәселе қоя алады. Бұл атқарушы органдарға да ықпалының бар екендігін көрсетеді.

Парламент Сенатының депутаттарын сайлайды, кері шақырып алу тетігі де қарас­тырылған, яғни, жоғары заң шығарушы органдарда да өз өкілдері бар деген сөз.

Мәслихат депутатты құзы­ретіне жатқызылған мәсе­лелер бойынша ресми жазбаша сауалмен әкімге, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне жергілікті бюджет қаржыландыратын атқарушы органдар лауазымды адамдарына жүгінеді.

Өзінің ширек ғасырлық тарихында жергілікті мәслихат депутаттарының  халықпен жұмыс жасау шеберлігі де шыңдалуда. Мәслихаттардағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракция жұмысы жандануда. Аймағымыздағы мәслихаттардағы барлық фракция жетекшілері әлеуметтік желіде бір чатқа топтастырылған, өзара байланысы бар.

Жасыратыны жоқ, бұрын фракция жұмысы сессия материалдарын қараумен шектелетін. Фракция депутаттары тұрғындарды мазалайтын, өткір мәселелерді жиі көтере бермейтін. Халықтың өз депутаттарына үміт артпайтыны да, кейде танымай жататыны да осыдан туындаса керек.

Бүгінде фракция жұмысы өз сайлау округтері бо­йынша қабылдаулар жасау, сайлаушылармен кездесулер өткізу, фракцияның көшпелі отырыстарын ұйымдастыру сипатында ауқымын кеңейтіп отыр.

Аудан, қала, облыстық деңгейдегі елді мекен проб­лемалары үйлесімді жұмыс­тар арқылы шешілуде. Бұл жерде әрбір елді мекеннің тыныс-тіршілігін тереңдей зерттеу, тұрғындармен  кездесіп, күрделі мәселелерді талқылаудың орны ерекше. Депутаттық фракция жұмысының басты мақсаттарының бірі – жергілікті бюджет қаражатының нысаналы әрі тиімді жұмсалуы, оның қалыптасуы мен орындалуын бақылау.

Депутаттар тұрақты комиссияларда әрбір мекемеге жүктелген бағдарламалардың орындалуы мен қаржының игерілуін талқылап отырады. Мәслихат және мәслихаттардағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы өздеріне заң аясында берілген үлкен мүмкіндіктерге қатысты жұмыстарының қарқынын арттыра бермек.

 

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,

«Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<