Мүмкіндіктер алаңында

747

0

Тасбөгет кентінде «Мүмкіндіктер керуені» деп аталған іс-шара өтті. Басты мақсат – жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті дамыту. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысып, жастармен жүздесті.

Осы жерде 37 мекеме 216 жұмыс орнын ұсынды. Бұған қосымша Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан 1392 бос жұмыс орнына шақырту жарияланған. Екіншіден, мұнда мемлекеттік бағдарламалар («Дипломмен ауылға», «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы», «Бизнес-бастау») және жастар мен жас отбасыларға тұрғын үй алу мүмкіндігі бойынша «Отбасы банк» АҚ кеңесшілері көмек көрсетті. E-gov электронды қызмет көрсету жүйесін пайдалану туралы «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ мамандары да кеңес берді. Cонымен қатар, С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде тегін үйірмелер мен тілдік курстарға жазылу, адвокат, сот орындаушы және құқық қорғау қызметкерлерінен кеңесті ақысыз алуға болатыны, дәрігерлік қызмет мүмкіндігі де ашып айтылды. 

Бос жұмыс орындары  жәрмеңкесінен  тұрақты  жұмысқа  12  азамат орналасты. Ал арнайы  жұмыс  орындары  бойынша  5 жұмыс  беруші  мекемемен  келісім-шарт жасалып,  6 мүмкіндігі  шектеулі азаматқа  жұмыс  орны ұсынылды. Бұған қосымша жастар тәжірибесі бағдарламасымен 15 жас маман уақытша жұмыс орындарына жолдама алды.

Іс-шарада «Жас журналистер», «Жас ақындар», «Жас модельдер» және «Жас актерлер» кастингтері ұйымдастырылды. Кенттің орталық алаңында ұлттық спорт түрлері, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, қол күресі, гір көтеру, асық ату сияқты сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар бағалы сыйлықпен марапатталды. Кеш соңы заманауи әндермен жалғасын тауып, гала концертке ұласты.

Айта кету керек, бұған дейін 25 ақпанда облыстық жастар ресурстық орталығында «Мүмкіндіктер алаңы» өткізілген еді. Онда 100-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған. Оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Маңғыстау және Шымкент аймақтарына да жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріліпті. Бұл тоқсанына бір ұйымдастырылып келеді. Алда Қызылорда қаласының шет аймақтарында да өткізу жоспарлануда.

– Жастарға көмек, құқықтық кеңес, кәсіпкерлікке баулу, дәрігерлік жәрдем сияқты қажеттінің барлығын қамтуға тырыстық. Сондай-ақ өнерге икемі бар қыз-жігіттерге кастинг ұйымдастыру, «Кітап сыйла» акциясы бойынша білімге ынталандыру іс-шаралары өтуде. Бұған дейін біз Жастар орталығында осындай бос орындар жәрмеңкесін өткіздік. Алдағы уақытта «Титов», «Шанхай» және қалаға қарасты ауылдық жерлерде өткізу жоспарланып отыр. Өйткені, ондағы жастар мұндайдан тыс қалып жатады. Бір жас маман жұмысқа орналасса, мұны үлкен жетістік деп білеміз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»