Мүмкіндіктер жәрмеңкесі

317

0

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен қаладағы «Қорқыт» сауда үйінде жастарды әлеуметтендіруге бағытталған мүмкіндіктер керуені аясында «TULGA BOL» республикалық жылжымалы консультациялар автобусы өз жұмысын бастады.

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеде жастарға арналған бос жұмыс орындары және мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді.

Жәрмеңкеге облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уәлихан Ибраев қатысты.

– Бүгін жастарды әлеуметтендіруге арналған «TULGA BOL» республикалық жылжымалы жәрмеңкесі Сыр өңірінен бастау алды. Бұл жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгінде облыс көлемінде 19 бен 35 жас аралығындағы 250 мыңға жуық жас бар. Оларды қоғамның белсенді азаматтарының қатарына қосу – мемлекеттік маңызы бар саяси бағыттардың бірі. Сыр жастары осы жәрмеңкеде бос жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық және т.б. сұрақтар төңірегінде жауап таба алады. Әр адам өз мүмкіндігін жүйелі пайдалану арқылы жетістікке жетеді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Іс-шара барысында облыстан 611, басқа өңірлерден 600 бос жұмыс орындары ұсынылды. Жиында әртүрлі сала өкілдері жастарға техникалық және кәсіптік білімнен кейін оқуын жоғары оқу орнында жалғастыру бойынша консультациялар, жұмыспен қамту бағдарламалары және кәсіпкерлікке бағытталған бағдарламалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, қатысушылар арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, жәрмеңке аясында кеңес беру үшін жылжымалы автобус қаланың шет аймақтарында жүреді. Аталған іс-шара барлық аудандарда және Байқоңыр қаласында өтеді. Ал өңірде 30 маусымға дейін жалғасады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»