Мұғалім мәртебесі –қоғамның бет-бейнесі

2369

0

Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі. Ол – болашақ президенттің, ғарышкердің, ғалымның, мемлекетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға. Әлемдегі барлық жаңашылдықтың бәрі осы білім-ғылым арқылы жүзеге асатыны белгілі. Міне, ең бастысы, ғылымның дамуына кейінгі жылдары жағдай жасала бастады. Ғылым дамыса, қоғам да дамитыны ақиқат.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2019 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен тұңғыш рет мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылдануы ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады. Елімізде жарты миллионнан аса ұстаздың ұсыныс-пікірі ескеріліп, қызу талқыланып, кем-кетігі де толықтырылды. Бұл заңның алғашқы жемісті тұстары да күнделікті өмірде көрініс табуда. Сонау тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында білім ордаларында еңбек ететін ұстаздардың көбі басқа жұмысқа ауысып, базар жағалап саудаға, құрылыс саласына кетіп қалғаны есімізде. Ал өзінің мамандығына деген сүйіспеншілігін, оқушыларға деген ыстық ықыласын бірінші орынға қоятын мұғалімдер небір қиындықтарға төзіп, қазіргі күні төккен тердің тәтті жемісін татуда.

Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп, аса құрмет тұтқан мұраты биік мұғалім мәртебесінің заңмен бекітілгені бұл сала мамандарының қоғам­дағы орнын айшықтап берді. Бүгінде айлық-жалақылары жыл сайын артып келетін білім беру саласы қызметкерлеріне артылып отырған жауапкершілік жүгі де еселенді. Қабылданған заң аясында ұстаздың құқықтары кеңейіп, өзіне тән емес жұмыстан босап, жүктемесі азайды. Әйтпесе, кезінде ұстаздардың көше жағалап, тіпті тазалық жұмыстарына жегілгенін ешкім жоққа шығара алмас. Бүгінде мерейі үстем мамандық иелерінің қоғамда лайықты орны Заңмен шегеленіп, оларға құрмет артты. 

Осындай құрметтің биік үде­сінен шығып келетініне  отыз жыл­дан аса уақыт болған Айжан Жұмабекқызы Сырдария ау­да­нындағы Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейінің бас­тауыш сынып мұғалімі, мектеп тренері, педагог-зерттеуші. Оның пікірінше, ұстаз мәртебесінің жоға­рылауы, оларға деген қоғамның көзқарасын өзгерткен.

– Бұрын педагогтарды  негіз­гі қызметіне тиесілі емес жұ­мыс­тарға жегіп, шамадан тыс есептер сұралып, тексерістер жүр­гізілетін. «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданғалы кәсіптік мін­деттермен байланысты жұ­мысқа шақырылмайтын болды. ҚР білім беру саласындағы заңна­масында көзделмеген есеп­тілікті не ақпарат талап етпейді. Осы заңнамада көрсетілмеген тек­серулер жүргізілмейді. Жала­қы­мыз әр жыл сайын 25 процент­ке өсуде. Одан бөлек, сынып жетек­шілікке, дәптер мен жазбаша жұ­мыстарды тексергеніміз үшін қосым­ша ақы төленеді. Ғылыми бағыт магистр дәрежесі үшін де төлем жасалады. Тәлімгерлігі үшін де беріледі. Заң қабылданбай тұр­ғанда еңбек демалысымыз 42 күн болатын. Ал қазір 56 күндік ақы төленеді. Денсаулығын жақ­сар­ту мақсатында санатория­лық ку­рорт­қа жолдама 40 процент жеңілдікпен беріледі. Шә­кірт­­­терімнің «Алтын белгі» ие­­гері атанғаны үшін Нұр-сұлтан қала­сына барып, экскурсия­лап кел­дім. «Дипломмен – ауылға!» бағ­­дар­­ламасы бойынша  балаларым да баспаналы болды. Педагог-зерт­теуші санатын алғаным үшін лауа­зымдық жалақымның 40 процент мөлшерінде қо­сым­ша ақы алып отырмын. Бұрынғыдай сен­бі­ліктерге шықпаймыз. Көше ара­ламаймыз. Сайлаудың шақыру хат­тарын таратып үй-үйге табаны­мызды тоздырмаймыз, – дейді білікті ұстаз.

Қай мемлекет ұстаздарына қатысты қандай саясат ұстанса, мемлекеттің беделі де соған сай қалыптасады. Сондықтан ең бас­тысы, Қазақ елінде мұғалімді қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бар. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген қазақтың сөзі ұстазға деген ұлы сыйластық, құрмет тұтқан қағида екені анық. Қоғамдағы ең жоғары мәртебе ұстаз қауымына тиесілі екендігі – қоғамның ғылым-білім­ге деген саналы көзқарасы. Ал ғылымға деген немқұрайлы көз­қарас қоғамның дамуын артқа тартып, көшімізді кенжелететіні сөзсіз.

Биылғы оқу жылын тамаша жаңалықпен бастағалы отырған бастауыш сынып мұғалімдері оқушы­­ларының «Әліппемен»  қайта қауы­­ша­тынына өте қуа­нышты. Білімнің негізгі іргесі осы бастауышта қаланатынын ескерсек, бұл да мұғалімнің мерейін асырып, асқақтататын ерекше жайт. Қаламыздағы Абылай хан атын­дағы №140 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, жо­ғары дәрежелі зерттеуші ұстаз Әбіл­қасымова Тамашаның осы саладағы қызметіне 40 жылдай уақыт болды. Ол бұрынғы мұ­ға­лім мен қазіргінің айырмасы өте көп екенін айтады.

– Заманауи ақпараттық технологияны жетік меңгерген ұстаздар күн сайын өзін дамытып отырады. Жаңа заңнамаға сай бұрынғы 18 сағат жүктеме, биылдан бастап  16 сағатқа ауысты. Қадірлі ма­мандыққа деген көзқарас жақсы жағына қарай өзгерді. Жоғары оқу орнына талпынған оқу­шылар­дың көбі педагогикалық бағытқа   қарай түсуге тырысуда. Ертеде бұл мамандыққа ешкім қызық­пайтын. Биыл «Әліппенің»  оқу бағдар­ламасына енуіне қатты қуандық. Біздің «Сауат ашу» пәні бойынша оқытқан оқушыларымыз қазір 10- сыныпты аяқтауда. Араға 10 жыл салып, сүйікті пәнімізбен қауыш­қанымызға  ризамыз. «Әліппені» бала оңай қабылдайды, тез ұғып алады. Мен үшін бала тәрбиелеу – ең үлкен бақыт. Әр баламен жұмыс істеген сайын өз еңбегімнің жемісін көремін. Ал игере алмаса, мен кінәні өзімнен іздеймін, – деп ағынан жарылды ұлағатты ұстаз.

Иә, мәртебелі мамандықтың қоғам алдындағы міндеті де, жауапкершілігі де зор. Сол үшін де олардың бедел биігі шәкірттерге берген білім деңгейімен, тәлім-тәрбиесімен сараланады. Түптеп келгенде, педагог беделі заңмен емес, қоғамның ар-ұятымен, жауапкершілігімен шегеленеді. Қасиетті Құранның өзінде де, біздің мың жылдық дәстүрімізде де ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. Ендеше педагог мәртебесінің жоғары болуы сіз бен бізге де қатысты екенін естен шығармайық.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»