Облыс орталығындағы «ORDA» жоғары колледжінде 10-14 қазан күндері «Мұхтар Әуезов апталығы» өтті. Биыл қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың дүниеге келгеніне 125 жыл. Апталық аясында студенттер шебер суреткердің реалистік шығармаларын оқып қана қоймай, түрлі іс-шараларға қатысты.
Алдымен заңғар жазушының болып қала орталығында орналасқан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Келесі күні «Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі» тақырыбындағы дәріске қатысты. Барлық курс студенттерін қамтыған дәрісте филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сара Бахтиярқызы жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, еңбек жолын кеңінен таныстырды.
Апталықтың үшінші күні «ZOOM» платформасы арқылы «М.Әуезов мұрасы ғалымдар көзімен» тақырыбында республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Оған аталған оқу орнының директоры Гүжамила Досжанова және ғалымдар мен студенттер қатысты. Сыншы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің профессоры Дандай Ысқақұлы жазушының өнерін өнеге етті. Ал әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері, Мәдениет саясаты сараптамалық орталығының директоры Диар Қонаев Мұхтар Әуезовтің мемориалдық мұражай үйімен таныстырды.
Сондай-ақ әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доктор, профессор, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжаһан Орда «М.Әуезов шығармаларындағы қазақ тарихының суреттері» тақырыбында баяндама жасады. Доцент Ләйла Мұсалы жазушының Абайтану еңбегін ортаға салды. Жазушы өмір сүрген уақыттағы қиындықтар мен шығармашылығында кездескен кедергілер туралы филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы қаласының тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахет әңгімеледі. Ой толғаған ғалымдар тың деректер де келтірді. Әуезов мұрасының құндылығын жастарға жеткізе білді. Қазақ әдебиетінің классигі жайында құнды ақпараттармен қаныққан студенттерге танымдық конференцияның берері көп болды.
Апталықтың төртінші күні Алматы қаласы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығынан арнайы алдырылған Әуезов мұраларына виртуалды саяхат жүргізілді. Жазушының әлемін тануға керемет мүмкіндік сыйлаған бұл саяхат студент жастарға ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, үлкен экраннан философиялық мәні терең «Көксерек» фильмі көрсетіліп, талданды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<