Мұхтар Әуезовке арналған айтыс мәресіне жетті

1509

0

Жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, Абайтану ғылымының негізін салушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Сөздің кені, ойдың кемелі» атты жыр додасы мәресіне жетті.

Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен республикалық ақындар айтысында 12 ақын өнер көрсетті. Екі кезеңнен тұрған Аламан доданың бірінші кезеңінде ақындар өзара жұптасып 6 жұп болып өнер көрсетсе, екінші кезеңде сайдың тасындай іріктеліп шыққан 6 ақын 3 жұп болып бақ сынады.

Айтыстың абаданы атанған Аманжол Әлтаев байрақты өнеріміздің басы болған айтыс аламанын жүргізсе, Елена Әбдіхалықова, Ақберен Елгезек, Бауыржан Халиолла, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мұхтар Ниязов сынды өнер майталмандары мен ақындары қазылық етіп, ақын Нұрмат Мансұр айтыстың бас сарапшысы болды.

Ақтық сынға Сырдың сазды мақамымен Бесұлтан Орынбасар Шұғайып Сезімхан, Айбек Алиев пен Мөлдір Айтбай, Абай елінен келген Рүстем Қайыртай Сыр елінің жүйрігі Мейірбек Сұлтанхан жұптасып ерекше өнер көрсетті.

Ұлттық құндылықтар ұлықталған жыр додасында бір-біріне дес бермеген қызылордалық Мөлдір Айтбай мен астаналық Шұғайып Сезімхан ІІІ орынды иеленсе, ІІ орынды айтыстың ақтаңгері, Арқалықтан келген ақын Айбек Қалиев пен аралдық ақын Бексұлтан Орынбасаров еншіледі. Ал бірінші орынды сұлу сөздің сұлтаны, шиелілік ақын Мейірбек Сұлтанхан алса, бас жүлдені айтыс аламанының жүйрігі, абайлық ақын Рүстем Қайыртай қанжығасына байлады. Елдің қасиетін, ердің өсиетін жырлаған ақындардың тағылымға толы жыр шумақтары көпшіліктің көңілінен шықты.

Жыр аламанына қатысқан барлық 12 ақынға демеушілер тағайындаған қаржылай сыйақы табысталды.

Мұхтар Әуезовке арналған айтыс мәресіне жетті
Мұхтар Әуезовке арналған айтыс мәресіне жетті
Мұхтар Әуезовке арналған айтыс мәресіне жетті
Мұхтар Әуезовке арналған айтыс мәресіне жетті

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<