Мұнар тартқан күндерден естелік

846

0

Фото автордан

Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл. Айтулы датаға орай «Ауған соғысы – тарих қойнауының бір парағы» атты  кездесу өтті. Оны облыстық мемлекеттік архив және С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты ұйымдастырды. Мақсаты – өскелең ұрпақты тарихи сабақтастықты жете түсінуге тәрбиелеу, халқымызға қорған болған айбынды ерлердің ерлігін жас ұрпаққа үлгі етіп, үлкенді құрметтеу мен жастарды патриоттыққа тәрбиелеу.

Жиынға Ауған соғысының ардагерлері Еркін Отаров, Алмабек Сәулебеков және Сәдірбек Омаров  қатысты.

Облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Әбзалиева архивте отты Ауған жерінде қаза болған жауынгерлердің өмірбаяндары мен соғыс кезіндегі суреттері, хаттары, орден-медальдары мен куәліктерінің түпнұсқа және көшірмелері сақталатынын, осының негізінде көрме мен түрлі шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді. С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Қалдыбай Бектұрғанов ержүрек жауынгерлердің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына үлес қосу керектігін атап өтті.

– Ерлікті ұлықтау, насихаттау, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы.   Жас ұрпақ сіздерді әрдайым мақтан етеді, – деді ол.

Кездесуде Ауған соғысы ардагерлері жауынгерлердің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі екенін айтып, оларды Отанын сүюге, өз елінің патриоты болуға шақырды. 

  Соңында қонақтар архив қор құжаттарынан дайындалған «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында көрмемен танысты. Өз кезегінде оқушылар жауынгерлердің батырлығын дәріптейтін өлеңдер  оқыды.

Д.АЙБОЛАТҰЛЫ,

«Сыр бойы»