Кезінде қалың елге билік айтып, Сырдың белгілі азаматтарының бірі болған қайраткер Мұңайтпас Лапыұлының басындағы белгітас жаңғыртылды. Бұған дейін Алаштың арда азаматының басындағы құлыптастың жағдайы көңіл құлазытарлық еді. Қайраткердің ұрпақтары, туыстары ұлтын өнер-білімге бастаған тұлғаға белгі қойып, атын жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізуде. Бүгінде қорым айналасы тазартылып, шеңгелден аршылып, жол түсті. Жақында Лапиндердің тума-туыстары ескерткіш белгіні тұғырына қондырды.
Алаш ардақтысы Мұңайтпас Лапыұлы 1835 жылы туған. Ел ісіне ерте араласып, Кеңтүп болысында 16 жыл болыс болған. Билік айтып, алты жыл сот қызметін атқарған. «Хан ағашы» деген жерде еуропалық үлгідегі алғашқы мектеп ашқан. Оған сол аймақтағы зерделі қазақ балаларын жинап, киіммен, тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз еткен. Қоғалыкөл ауылындағы қазіргі №44 мектептің негізін қалаған. Сол заманда мектебі үшін соқтырған қоңырауы бүгінге дейін сақталған. Қазір Тереңөзектегі музейде тұр.
Лапының жалғыз ұлы Мұңайтпас өжет әрі өз заманының алғыр, ойлы азаматы болып өседі. Ұзақ жыл осы өңірде болыс болған оның 19 баласы болған деседі. Балаларының материалдық байлықты місе тұтып, ас ішіп, аяқ босатқанына мәз ауқаттылар қатарында қалып қоймауын қадағалаған болыс оларды Алмания, Ресейде оқытты. Уақытында ештеңеден кемдік көрмеген, төрт құбыласы тең болған қайраткердің ұл-қыздары да алғыр болып жетіледі.
Алаш ардақтысының аталас туысы Ишанбек Оңғарбаевтың сөзінше, оқу-ағарту ісіне, мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мұңайтпас Лапыұлы ел ісіне белсене араласып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында көптеген істер атқарған. Қазіргі Бесарық маңындағы «Бұқартөбе», «Томарөткел» аталатын жерлерден сол кездегі Перовск қаласына қатынайтын керуендер үшін дарияға көпірлер салдырған. Хиуа, Бұқара, Үргеніштен Ақмешітке келетін керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сауда-саттықтың дамуына ықпал еткен. Ел ішіндегі ауқатты азаматтардан арнайы мал бөлгізіп, Арқа жерінен Сыр бойына астық тасуға көлік шығарған.
– Ол заманда Кеңтүп болысына қарайтын елді мекендер Сырдария суы тасыған сайын көп зардап шегеді екен. Мал-жандары су астында қалып, халық көп қиындық көрген. Сол кезде Мұңайтпас Лапыұлы дарияның «Тораңғыл сай» аталатын жерінен бастау алып, өзен суын Қызылқұм бағытына бұрғызыпты. Осылайша «Алақашар» көлі пайда болып, «Құрсай сайы» Мұңайтпас атанған. Осыдан кейін халықтың жағдайы айтарлықтай жақсарған, – дейді Ишанбек ақсақал.
Мұңайтпас Лапыұлы өңірде ислам дінінің қанат жаюына да өлшеусіз үлес қосқан. Інісі Бәлдіктің Қоғалыкөл ауылындағы Бәлдік мешітін салуына ықпал еткен. Сол уақытта ел азаматтары ұйымдасып, Қызылордадағы Айтбай мешітін салуына да мұрындық болған екен. Осы аймақтың ауқатты байлары мешіт құрылысына шамасына қарай қаржы бөлген.
Жұртшылық ақылдаса келе, ортадан жаппас руының Қаракүшік аталығынан Айтбай деген кісіні басшы етіп сайлап, бөлінген малды сатып, қаржысына мешіт құрылысын ұйымдастыруды тапсырады. Айтбай мешіт құрылысын жүргізуге Түркістаннан бір ұста шеберді жалдайды. Оның да есімі Айтбай екен. Сөйтіп, екі Айтбай мешіт құрылысын он жылдай уақытта бітірген. Ишанбек Оңғарбаевтың айтуынша, мешіттің Айтбай атауы содан қалыпты.
– Балтабай бабамыздың осы мешіт құрылысына жүз бас құнан қой бөлуіне болыс Мұңайтпас атамыз ұйғарым жасапты. Балтабай оны көктемде, Арқаға көшер алдында беруі керек болған. Сонда қыстан қысылып шыққан алдындағы малының барын берген атамыздың жүз қойының он шақты басы майдалау тоқты екен. Сондықтан Балтабай баласы Оңғарбай атамыз тағы бір тайлақ қостырыпты. Балтабай, Оңғарбай аталарымыз сол кездің есебімен орта дәулетті адамдар болса керек, – дейді Ишанбек Оңғарбаев.
«Қызыл террордың» алғашқы құрбаны болған Лапы баласы Мұңайтпас қызылдардың қандықол жендеті Гержоттың шеңгеліне екі баласымен бірге ілініпті. Қанішерлігіне қарай қазақтар Кәріжұт деп атаған әпербақан төраға қайраткердің Сейдалы, Әлиасқар, Әлиәкпар атты ұлдарын да оққа байлайды.
– Қайраткердің 85 жасқа қараған шағында балалары қамауға алынып, өлім жазасына кесілген. Сонда Мұңайтпас құбылаға қарап, Құдайдан өзін балаларынан бұрын алуын тілеп жылаған екен. Өмірінің соңын аталарымыз өз көзімен көріпті. Мұңайтпас атамыз балалары өмірден өткен соң көп ұзамай 1918 жылы дүниеден өткен. Мұңайтпаспен қатар інісі Сейітқан, балалары Әлиәкпар, Жағыппар жерленген. Дегенмен, ол уақытта басына белгі қою тұрмақ, мұсылмандық рәсіммен жерлеудің өзі қиынға соққан ғой. Елдегі азамат атаулы бас сауғалап жан-жаққа кеткен. Содан көмулі күйінде қалған. Зират басына белгі өткен ғасырдың 60-жылдары қойылған, – дейді Ишанбек Оңғарбаев.
Қайраткердің басына белгіні 1966 жылы Мұңайтпастың келіні, баласы Жағыппардың әйелі Хадиша қойған. Бір жыл өткен соң, 1967 жылы өзі де дүниеден өтіпті. Мың құбылған саясаттан үріккен ел әуелгіде көктасқа жақындауға қорыққан секілді. Тек ел ақсақалдары ғана осы маңда белгілі адамның қабірі барын кейінгілерге ескертіп айтып жүрген екен.
Жалпы, Лапиндер әулеті, олардың қазақ елінің дамуына, оның ішінде халық өнерінің өркендеуіне қосқан үлестерін жұртшылық білуі тиіс. Бүгінде Қоғалыкөл аймағындағы көптеген жер-су аттары Лапиндер әулетімен байланысты. Тарихшылар бұл әулеттің қазақ қоғамына ықпалы туралы әлі де толыққанды зерттеп, қайраткердің шын бағасын беруіміз керек деген пікірді айтады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында осы атырапта Лапы баласы Мұңайтпастың алдына түсер тұлға аз болған. Мұңайтпастың, оның әулетінің тарихы әлі де жете зерттеуді қажет ететіні анық.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<