Мұра тұнған Молқалан

837

0

Өңірдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, қалпына келтіру – маңызды қадам. Себебі өткеннен сыр шертетін нысандарды сақтау арқылы ішкі туризмді дамытуға және мол мұраны болашақ ұрпаққа аманаттауға жол ашылады. Биыл Сыр өңірінде бірқатар тарихи нысанды жаңарту ісі аталған идеяның өзегі болмақ. Оның қатарында Молқалан кесенесі де бар.

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылында орналасқан Молқалан кесенесінде көшпелі брифинг өтті. Шара барысында кесенеге жүргізіліп жатқан реставрация жұмысымен танысып, жобаға қатысты маман пікірін білудің сәті түсті.

Белгілі болғандай, биыл мемлекеттен Молқалан кесенесін қайта қалпына келтіруге 26 млн теңге бөлінген. Аталған қаржыға қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Әсіресе, кесенені зақымдаған ызаны құрғату, кептіру жүйесі арқылы болашақта нысанға су жақындатпауға басымдық берілмек.

– Қазіргі таңда реставрация қарқынды жүруде. Бөлінген қаржыны жүйелі бағыттап, сапалы нәтижеге қол жеткізу басты назарда. Жоспарлы жұмыс орындалса, кесенені қайта жаңарту мамыр айында аяқталады, – дейді «Қазқайтажаңарту» РМК облыстық филиалының директоры Нұрболат Мұратбеков.

Айта кетейік, қайта жаңарту жұмысын жүргізуге Молқалан кесенесінің таңдалуы тегін емес. Тарихи нысан ортағасырлық мұсылман сәулет өнері дәстүрін танытады. Орта Азияның солтүстік бөлігіндегі құрылыс салудың айрықша үлгісі болғандықтан ерекше мәнге  ие. Бұл нысанға реставрация жұмысы соңғы рет 2007 жылы жүргізіліпті.

Жалпы, бүгінде Сыр өңірінде 560 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Олардың 31-і республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында. Биыл облыс бойынша 6 тарихи нысан жөндеуден өтпек.

– Мәдениет және спорт министрлігі биыл республикалық бюджет есебінен аймағымызда бірқатар ескерткішке реставрациялық жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында Молқалан кесенесі, Көтібар мұнарасы, Қарасопы кесенесі, Сығанақ қалашығы бар, – дейді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме басшысы Ерқазы Алданазаров.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<