Мұзда сақ бол!

1211

0

Облыс аумағындағы су айдындарында жыл басынан 2 балықшы қаза болды (2021 жылы 5 балықшы қаза болды). Облыс тұрғындары мен қонақтарына қысқы балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларына аса мән беру керектігін ескертеміз. Сақтықта қорлық жоқ. Бірінші мұз қатқан бойда балық аулауға шығуға болмайды. Себебі мұз бірден қалың болып қата қоймайды. Ескерту шаралары:

• Балық аулау үшін мұздың қалыңдығы кемінде 7-10 сантиметр болу керек. Егер адам көп болса онда 15 сантиметрден қалың болғаны абзал.

• Мұз бетіне автокөлікпен шығатындар да бар. Мұздың қалыңдығы жұқа болса, онда бұл – нағыз қауіп. Автокөлікпен жүру үшін мұз қалыңдығы кемінде 30 см-ден кем болмауы керек.

• Өзен немесе көлдің асау ағынды аймақтарында мұз қалың қатпайды. Ондай бөліктерін абайлап жүру керек. Сондай-ақ су өсімдіктері, ағаш, қамыс бар жерлерде де мұздың қалыңдығы жұқа болады.

• Егер ауа температурасы 0 градустан жоғары болса, онда мұздың беріктігі 25%-ға дейін төмендейді. Мұндайда сақ болған жөн. Күннің суығанын күткен дұрыс.

• Мұздың қалыңдығы мен беріктігін қарап та анықтауға болады. Көк түсті болса, онда берік болғаны. Ақ немесе күңгірт ақ, сарғыш түсті болса аулақ жүрген жөн. Мұндай мұз қауіпті болып келеді.

• Мұздағы немесе қар астындағы терең жарықтардан сақтану керек. Күн жылып ери бастаса, болмаса жаңбыр жауса мұз бетіне шықпаған дұрыс.

• Бір-біріне жақын бірнеше ойық жасауға болмайды. Бұл мұздың беріктігін азайтады.

• Мұз бетіне от жағып, қоқыс қалдықтарын қалдыруға болмайды. Сондай-ақ ауыр заттарды алып жүруге арнайы шана болғаны да дұрыс. Бұл мұзға бірден салмақ түсірмейді.

Егер сізге көмек қажет болса, Құтқару қызметінің «112» телефон нөміріне хабарласыңыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<