Музей қорындағы құнды қазына

4300

0

Қазақтың күй өнерінде жеті мектеп болса, солардың сүбелісі – Қазанғап мектебі. Қазанғап Тілепбергенұлы − күйшілік өнерде өзгеге ұқсамайтын сара жол салып, өзіндік орындаушылық жолын қалыптастырған саңлақ күйші.

Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлы күйші домбырасының көшірмесі сақталған. Көлемі шағын, құрап жасалған, бір ойықты қалақ  домбыра.  Көпшіліктің қызығушылығын тудырған аспаптың көшірмесін жасатып, оны Қызылордаға жеткізген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы Ұлжан Байбосынова.

– Қазанғап атындағы  жоғары музыкалық колледжде басшылықта жүргенде көшірмесін жасатқанбыз. Кейін ойлана келе аспапты музей қорына қосқанымыз жөн деген шешімге келдік. Домбыраны жасаған Сыр өңірінен шыққан белгілі қолөнер шеберлері, ағайынды Ділмановтар. Байқасаңыздар, көшірме аспап дыбысының түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ. Жалпы, Қазанғап қазынасы ұшан-теңіз. Оны дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жеткізу − біздің парызымыз, – дейді ол.

Жалпы, күйшінің өз домбырасы қазір Алматыдағы Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейі қорында тұр. Шанағы құралып жасалған, қалақша пішінді қымбат қазынаны алғашында Қазанғап мұрасын танытуға ерекше үлес қосқан дәулескер домбырашы Сәдуақас Балмағанбетов сақтаған екен. Кейіннен 2009 жылы Алматыдағы музейге өткізген.

− Қазанғап Тілепбергенұлы – дәуірде бір туатын дара күйші. Күйлері арқылы адам жанының нәзік қылын шертеді. Кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған. Күйшінің жанына серік болған қасиетті домбырасы Сыр өлкесіне былтыр жетіп, құнды жәдігерлер қатарына қосылды. Ұлты қадірлейтін ұлы тұлғалардың мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде музейдің алатын орны ерекше, − дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Арал теңізі жағалауындағы «Құланды» түбегінің «Ақбауыр» деген жерінде дүниеге келіп, өз мектебін қалыптастырған Қазанғаптың туындылары кейінгіге сол мектептің өкілдері арқылы жетіп, елдің рухани байлығына айналған.  Өз заманының озық суреткері күй өнерін жаңа қырынан танытып, ой мен сезімді қатар қолдана білген. Күйшінің қай шығармасы да елдің жан күйзелісін, қайғы-қасіретін, бастан кешкен тарихын баяндайды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<