Музейдегі жаңа экспозиция

657

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде газ саласында әр жылдары еңбек еткен мамандар мен ардагерлердің ерен еңбегін насихаттау үшін жасақталған «Қызылорда облысының газ саласының тарихы» экспозициясының салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов, «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқанат Темірханов, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары Серік Дүйсенбаев пен Сұлтанбек Тәуіпбаев, ардагерлер, сала мамандары қатысты.

Ашылу салтанатының алғысөзін алған басқарма басшысы музей залындағы экспозицияның ашылуына атсалысқан жандарға және энергетика саласында қызмет етіп жүрген мамандарға алғыс білдірді.

Аталған экспозиция «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқанат Темірхановтың бастамасымен жасақталды. Экспозицияға архив құжаттары, әр жылдары қызмет еткен басшылардың фотосуреттері, қолданыстағы түрлі қондырғылар және марапаттар қойылды.

– Сыр өңіріндегі бұл салада ерен еңбек етіп, газдандыру жұмыстары туралы тарихи қадамдарды насихаттап, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға қолдау көрсетіп жүрген жандар көп. Сондай сала мамандарына қажырлы еңбегі үшін алғыс айтамын. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді Е.Темірханов.

Шара барысында қонақтарға музей залдары таныстырылып, «Туған жердің тұлғалары» залында жаңа экспозицияның лентасы қиылды. Іс-шара соңында қонақтар көрме экспозициясымен танысып, естелік суретке түсті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<