Музыкантты еске алу шарасы

308

0

Б.Шөкенов атындағы саябақта талантты жерлесіміз, өнер әлеміне өшпес мұра қалдырған музыкант Батырхан Шөкеновті еске алу шарасы өтті.

Шара  тағзым гүлін қойып, бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.  Қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров және Б.Шөкеновтің ағасы Мүсірәлі Шөкенов виртуоз музыкант, талантты әнші, композитор жайлы естеліктер айтты. Әнші, композитор Ғалым Елубаевтың орындауында Батырханның әндері шырқалды.

«Сүлейдария» сыр-сұхбат кеші

Жерлесіміз, эпик жыршы, әнші, этномузыкатанушы Берік Жүсіпов биыл 55 жастың төріне шықты.

Осыған орай дарын иесі аудандық мәдениет үйінде жерлестерімен жүздесіп, жырға сусаған қауымның көңіл сарайын шаттандырды.

Көпшіліктің рухани таным-түсінігін байытып, жырмен сусындатқан мәдени басқосуда аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кеш иесінің өнер мен ғылымға, мәдениет пен руханиятқа қосып келе жатқан үлесін ерекше айтып,  жылы лебізін білдірді. Иығына шапан жауып, қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетті.

Әлеуметтік нысандарды аралады

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Әйтеке би кентіндегі әлеуметтік нысандарды аралап,  жай-күйін көрді.

Алдымен Жалаңтөс баһадүр атындағы орталық стадионға барды. Сондай-ақ №№288, 165, 216 мектептер және  Қазалы спорт клубы, 5-кварталдағы кент кітапханасы мен Қазалы теміржол ауруханасындағы жұмыстарды назардан тыс қалдырмады. Аталған мекемелердің басшы­ларына  аулаларына  сенбілік ұйымдастыруды, көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Тәрбие темірқазығы

Аудандық мәдениет үйінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында «Заң мен тәртіп – жас ұрпақ тәрбиесіндегі темірқазық» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті.

Мәжілісте құқықбұзушылық пен қылмыстың жағ­да­йы және оның алдын алу бағытында атқарылып жат­қан іс-шаралар туралы баяндама тыңдалды. Аудан әкімі Жан­дос Еркінбек «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профи­лактикалық іс-шараларын тұрақты түрде ұйым­дастыруды және кешенді түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Экологиялық акция жалғасуда

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда тазалық жұмыстары жалғасуда. Оған мекеме қызметкерлерімен бірге көше тұрғындары да атсалысты.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауапты сала басшыларына санитарлық тазалау жұмыстарын тиімді ұйымдастыруды тапсырды.

Акция кезінде кенттің негізгі көшелері мен жаяу жүр­гіншілер жолдары тазартылып, көше бойындағы ағаштар әктелді, аяқсу қарықтары тазаланып, қоқыс қалдықтары шығарылды.

Құқықтық оқыту

Аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқарнаев кент және ауылдық округ әкімі аппараттарының заңгерлеріне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» және «Алаяқтық қылмыстарының алдын алу», заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру үшін құқықтық оқыту өткізді.

Бөлім басшысы аталған тақырыптарда мамандарға бірнеше тапсырма берді. Алаяқтықтың алдын алуда халық көп шоғырланатын орындар мен қоғамдық көліктерге жадынамалар ілуді, кент және ауылдық округтердің көшелеріне көлемді баннерлер орналастыруды тапсырды.

Жәрмеңкеде 13 тонна өнім ұсынылды

Кент орталығында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда барлық өнім базар нарқынан 15-20% төмен бағада сатылды.

Жәрмеңкеде тұрғындарға 13 тонна өнім ұсынылды. Атап айтқанда, 3 тонна картоп, 1,5 тонна жуа, 1,5 тонна сәбіз, 4,5 тонна күріш, қарақұмық, макарон, 360 литр пісте май, 100 литр сүт, ет, бал, 150 келі тұз, 100 келі сөк-талқан сатылды.

Қазақ күресінен республикалық турнир

Түгіскен ауылының дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде Қазақстан Республикасының спорт шебері Мейрамбек Садықовты еске алуға арналған қазақ күресінен 2010-2011 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орын­басары Бектас Нұридинов құттықтау сөз сөйлеп, спорт­шыларға сәттілік тіледі.

Республикалық турнирге 7 облыс, 2 қала және аудан­дардан 17 команда, 350 спортшы қатысты.

Дайындаған Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»