Мәжіліс «қандас» атауын енгізетін заң жобасын мақұлдады

301

0

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған заң жобасының бірінші оқылымы 2019 жылғы 11 желтоқсанда болды. Талқылау барысында депутаттар тарапынан айтылған пікірлер ескеріле отырып, заң жобасы одан әрі жетілдірілді. Заң жобасымен 9 кодекске және 21 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. 
«Жағымсыздау атауға айналған «оралман» сөзінің орнына, алдағы уақытта «қандас» атауы қолданылатын болады. Қандастарымызға елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігін беру қарастырылып отыр. Бұған дейін олар екі рет құжат жинап тапсыруға мәжбүр еді. Сондай-ақ елімізде 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқықбұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этникалық қазақтарды қосу көзделіп отыр. Бұл түзетуде қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуын жеделдетуге септігін тигізеді», – дейді депутат Кәрібай Мұсырман заң жобасы бойынша баяндама жасай отырып.
 Сонымен қатар депутат шетел азаматтарын Қазақстан аумағынан шығару тәртібін жеңілдету қадамына тоқталды. 
«Депутаттар ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін жол жүру құжатын енгізуді ұсынды. Себебі соттардың шешімімен елден шығарылуға тиісті жүздеген шетелдік ешқандай жарамды құжатының болмауына байланысты Қазақстан аумағынан шығарылмай, полицияның қабылдау орындарында мемлекеттік бюджет есебінен тегін тұрып жатыр», – деді К. Мұсырман. 
Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оралман» сөзінен бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болатынын айтқан еді. «Мен бұдан бұрын да тарихи отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген едім. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады», – деді Президент.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<