Н.Нәлібаев: «Мемлекет басшысының қолдауымен Сыр елінде тың жобалар жүзеге асуда»

678

0

Өткен жылы Қызылорда облысына 400 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша еліміздегі үздіктер қатарынан көрінді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Аймақ басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы баяндады.

«Ел Президенті мен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында тың жобалар жүзеге асуда. Облыс 2023 жылдың 4 айы қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4, сауда көлемі 2,5, инвестициялар тарту 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі 44 пайызға артты. Бүгінде Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд. теңгені құрайды, бұл 2022 жылғы бюджетпен салыстырғанда (387,3 млрд теңге) 205 млрд. 700 млн теңгеге, яғни 53 пайызға артық. Бюджеттің 64 пайызы немесе 378,6 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған», – деді Н.Нәлібаев.

Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында мұнай өндіру қордың сарқылуы салдарынан 2013 жылдан бері 6,5 млн. тоннаға азайған. Мәселен 2013 жылы 10,5 млн. тонна мұнай өндірілсе, 2022 жылы оның көлемі небәрі 4 млн. тонна болды.

Қазір жаңа кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде жалғасуда.

Мұнан бөлек, өңірде шикізатқа тәуелділікті азайту үшін экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасын таппақ. Атап айтқанда, индустрияландыру аясында өңірде құны 607,7 млрд. теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 6,3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 907 млрд. теңгеден асатын 36 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 5,1 млрд. теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Олар – «Үй құрылысы комбинаты», «350 орындық мектепті кеңейту», «Балық өңдеу цехы», «Көкөніс сақтау қоймасы» жобалары. Биыл Сыр өңірінде құны 13,4 млрд. теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Бұл өңірге инвестиция тарту қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.

Атап өту керек, өткен жылы Қызылорда облысы инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Өңір экономикасына 409,5 млрд. теңге инвестиция салынып, облыс еліміз бойынша 1-ші орынға шықты. Биыл 424 млрд.теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<