Н.Нәлібаев: «Жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс»

153

0

Фото: Облыс әкімдігі

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті.

Күн тәртібінде алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

«Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының дер кезінде жүргізілуі өте маңызды. Үкімет барынша қолдау көрсетіп, сұратылған қаржыны бөлді. Биыл жылу көздері мен желілерін жаңғыртуға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд.теңге қаржы бағытталды. Оны тиімді игеріп, жұмысты уақытылы, сапалы жүргізу қажет. Алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс.

Биыл 11 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыруға 410 млн.теңге бөлінді. Мамыр айында 9 нысанның қазандығына 303 млн.теңге берілген болатын.

Қазалы, Жалағаш және Сырдария аудандарының әкімдеріне бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бірлесіп, осы жұмысты 30 тамызға дейін аяқтауды тапсырамын. Білім беру нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарын да 30 тамызға дейін аяқтаңыздар. Сондай-ақ, КСК-сы жоқ тұрғын үйлерде еш мәселе туындамауы тиіс. Бүгінде өңірімізде газдандыру қарқынды жақсы. Дегенмен, елді мекендердің негізгі бөлігі әлі де көмір пайдаланады. Облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету өзекті мәселе екені белгілі», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында аймақ басшысы жылу беру маусымына дайындық барысын қажетті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін орынбасары Бахыт Жахановқа ескерту беріп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинге қатаң сөгіс жариялады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаковқа, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған ауданы әкімдеріне сөгіс берілді.

Сонымен қатар, қала және аудан әкімдеріне, бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне, коммуналдық кәсіпорын басшыларына әлеуметтік нысандарда жоспарланған күрделі жөндеу, қазандықтарды қайта жаңғырту жұмыстарын бақылауға алуды жүктеді. Тұрғындарды, әлеуметтік нысандарды қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету міндеттелді.

«Қызылорда жылу-электр орталығының» қазандықтары мен желілеріндегі жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін аяқтауға тапсырма берілді. Ал, сол жағалаудағы қазандықтың жұмысын аяқтау үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу керек.

Айта кетейік, жергілікті бюджет есебінен 2 газотурбиналық қондырғының генераторы мен 11 қазандыққа күрделі, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жұмыс 80 пайызға орындалды.

Жаңғыртудан өтетін 9,5 шақырым жылу желісінің 4,2 шақырымы жүргізіліп, жұмыстың 44 пайызы бітті, 741 шақырым электр желісі мен 127 қосалқы станцияға күрделі жөндеу, 45 шақырым электр желіcі мен 48 трансформаторға ағымдағы жөндеу жүргізілуде.

Облыстағы 1 067 әлеуметтік нысанның дайындығы 85 пайыз. 2024-2025 жылғы жылу беру маусымына 193 мың тонна, оның ішінде, тұрғындарға 165 мың тонна, әлеуметтік нысандар үшін 28 мың тонна көмір керек. Қазір көмір қоймаларында 32 мың тонна қор бар.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<