«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері Нағи Ілиясов ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жиын барысында коалиция өкілдері Конституцияның жаңа жобасын таныстырып, ондағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарға кеңінен тоқталды. Коалиция мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы бұл референдумның аяқ астынан қабылданған шешім емес екенін атап өтті.
– «Уақыт өзгерген сайын заңдар да жаңарып отыруы тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол кезеңге сай Конституция қабылдадық. Ал бүгінде қоғам да, әлем де өзгерді. Жаңа құндылықтар қалыптасты. Осы өзгерістердің барлығы Конституцияда нақты көрініс табуы қажет. Жаңа жоба бұрын кездескен көптеген түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», — деді аумақтық коалиция мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы.
Аумақтық коалциця мүшесі Жадыра Бағдатқызы Конституция жобасындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі — «Миранда ережесінің» енгізілуі екенін айтты.
Ауыл тұрғындары жаңа Конституция жобасымен мұқият танысқандарын және онда өз үміт-тілектері көрініс тапқанын атап өтті. Олардың айтуынша, бірлік, әр азаматқа берілген тең мүмкіндік, адам құқығын қорғау және отбасыға қолдау көрсету сынды маңызды құндылықтар Ата заңда нақты бекітілді.
Сонымен қатар елімізде келісім мен тәртіп орнауы, заңдардың нақты әрі тиімді жұмыс істеуі ауыл тұрғындары үшін аса маңызды екені айтылды. Бұл құндылықтар да жаңа Конституцияда айқын көрініс тапты.
Ауыл тұрғындары алдағы референдумға үлкен үміт артып отырғандарын жеткізді. Олардың айтуынша, жаңа Ата заң балалардың жарқын болашағына сенімді тірек болып, туған өлкенің дамуына лайықты жағдай жасайды.






