«Найзағай» – жан мен ардың арпалысы

222

0

Шығарманың басты кейіпкері Катеринаның әуелгі ашық-жарқын, ерке мінезі келін болып түскен босағасында күрт өзгереді. Қатал ене, жасық та жасқаншақ күйеу оның ішкі сырын ұғына алмады. Жұбайымен екеуінің арасында махаббат, сүйіспеншіліктен гөрі жай сыпайы сыйластық басым болатын. Көңілі періштедей таза, арманшыл, қиялшыл келіншектің албырттығын, еркелігін ешкім түсінбеді.  Осылайша оның жан дерті асқына берді.

Жаны күйзеліске түсіп, ішкі ойымен қанша арпалысса да жеңе алмады. Ақыры  өзіне өлердей ғашық өзге жігітпен көңіл қосты. Әйтсе де, сол әрекеті үшін Катерина өзін-өзі өмір бойы кешіре алмайтынын білді. Ештеңеден бейхабар күйеуіне бар шындықты өзі айтуға бекінді. Ақырында, айналасындағылар одан түгел теріс айналды. Осылайша бұл дүниеден опа таппаған бейшара жан өз-өзін суға тастап, мәңгілікке тыныштық тапты.

Оқиға өте шиеленісті, бір шешімге келу оңай емес. Тағдырының тастай ауыр салмағын көтере алмай, аз ғана ғұмырында азап арқалап, аласапыран күй кешкен келіншекті де айыптау қиын. Жігерсіз, жасық мінезі үшін оның жарын да кінәлай алмайсыз. Сонымен қатар, отбасының абыройы үшін тым қатал тәртіп орнатқан қатыгез ене Кабаниханың образы да ойландырып қояды.

Драмадағы әрбір сәт, әрбір сөз, эмоция көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Сондықтан шығарманың түпкі шешімін әрбір көрермен өз бетінше топшылайтын болса керек. 

Спектакльді сахналауға театр әлеміне танымал, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Халықаралық, республикалық фестивальдардың лауреаты Дина Жұмабаева және қойылымның қоюшы суретшісі болып Айнұр Есболатова келді. Режиссер осы уақытқа дейін театр репертуарындағы көрермен көзайымына айналған Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасын сахналаған.

Қойылым алдында театр басшысы Мұхтар Ниязов, режиссер Дина Жұмабаева және басты рольдегі кейіпкерлер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова, Мәдениет саласының үздігі Сырым Әбдразақовтың қатысуымен БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз конференциясын өткізді. Онда қойылым туралы қысқаша ақпарат беріліп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

– Спектакльді сахналау барысында әлемдік деңгейдегі драматург Н.Островский шығармасын қазақы қалыпқа барынша жақындатуға тырыстым. Бұл жердегі басты тақырып – отбасының құлдырауы. Ене мен келін, ер мен әйел арасындағы қайшылықты қарым-қатынас көрінеді. Махаббат бар, күнә да бар. Өте күрделі психологиялық драма, соңы трагедиямен аяқталады. Көрермен өз бағасын берер деп ойлаймын, – деді режиссер.

Спектакльді көруге Алматыдан арнайы келген өнертану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры, театр сыншысы Зухра Исламбаева режиссердің жұмысына, сонымен қатар, кейіпкерлерді сомдаған актерлердің еңбегіне кәсіби тұрғыда баға берді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Дара» төсбелгісінің иегері, белгілі режиссер, театрдың абыз ардагері Әмір-Темір Хұсейін сөз сөйлеп, өнер ұжымын  жылдың алғашқы премьерасымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Спектакль соңында қалалық жастар театры ұжымының ықылас гүлі табысталды. Өнерсүйер қауым театр артистеріне ризашылықтарын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<