Биыл – Қазақстан статистиктерінің өміріндегі ерекше жыл, еліміздің мемлекеттік статистикасының 100 жылдық мерейтойы. Статистика – бұл біздің өмірімізді әсірелемей сипаттайтын сандар. Әлем елдерінің өмірінде ресми статистиканың ролі өсуде. Кез келген салада уақытылы және объективті ақпаратсыз тиімді шешімдер қабылдау мүмкін емес. Статистикалық органның негізгі міндеттерінің бірі – барлық пайдаланушыларды толық, шынайы және жедел статистикалық ақпаратпен қамту.
БҰҰ заманауи қоғамда статистиканың ролін мойындап, 2010 жылдың 20 қазанын 5 жылда бір рет тойланатын Бүкіләлемдік статистика күні деп жариялады. Бүкіләлемдік статистика күні биыл үшінші рет аталып өтті. Ұзақ уақыт Қазақстан Республикасының статистикасы Кеңес Одағы статистикасының бірыңғай жүйесінде жүзеге асырылып келді. Одақ ыдыраған соң түбегейлі қайта құру, нақты айтсақ, тәуелсіз мемлекет статусына сәйкес келетін мемлекеттік статистиканың жаңа жүйесін құру қажеттілігі туындады.
Қазақстан статистикасының құрылу тарихының тамыры тереңде жатыр. Алғашқы Қазақ мемлекеті – Қазақ Хандығы туралы статистикалық мәліметтерді растайтын тарихи құжаттар бар. Шу мен Талас өзендерінің бойында (қазіргі Жамбыл облысының аумағында) ең алғаш құрылғанда (1459 жыл) ондағы халық саны 200 мың адамды құраған болатын, ал XV ғасырдың соңына 1 миллион адамға жетті. Алайда, заманауи Қазақстанның аумағында тұрақты және орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы XVIII ғасырдың екінші жартысына, яғни Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру кезеңімен тұспа-тұс келеді.
Қазақстанның бірінші жалпы халық санағы 1897 жылдың 9 ақпанында (28 қаңтарда) өткізілді. 1882 жылдың наурыз айында Семей қаласында өткен бірінші халық санағына Абай Құнанбайұлы қатысты. Оған 1886 жылы 4 мамырда Семей статистика комитетінің мүшесі ретінде сайланғаны дәлел. Шағын ғылыми еңбек – қара сөздерінде ұлы Абай сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын этнографиялық тұрмыстық, экономикалық тақырыптарын қозғайды.
Шоқан Уәлихановтың қазақтардың және Орталық Азия халықтарының этнографиялық, этнодемографиялық және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көрсететін «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» ғылыми еңбектері статистикалық мәліметке толы. Ыбырай Алтынсариннің ресми құжаттарында халықтың білімі мен Қазақ даласындағы мектептердің жұмыс жағдайын сипаттайтын статистикалық мәліметтер көп.
Қызылорда облысының статистика департаменті өз қызметінде 2010 жылғы 19 наурызда қабылданған «Мемлекеттік статистика туралы» заңын басшылыққа алады. Биыл Мемлекет басшысы өз Жолдауын мемлекеттік басқарудың жаңа моделімен бастады. Өзгерістер статистика органына да әсер етті. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығымен тікелей Президентке бағынысты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Оған Ұлттық экономика министрлігінің кейбір функциялары мен өкілеттіктері, оның ішінде мемлекеттік статистикалық қызмет саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.
Статистиктер еліміздің тарихи дамуының барлық сатыларында түрлі деңгейдегі басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы деректерді ұсынып келеді. Бүгінде олар жоғары дамыған экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымы бар көпұлтты мемлекет – Қазақстанның табысты дамуы үшін ақпараттық негізді қалыптастырып отыр.
Департамент тарихында тәуелсіздік алғаннан кейін, алғаш рет 1999 жылы (халық санағының қорытынды мәліметі бойынша облыс халқының саны 624991 адамды құрады) және екінші рет 2009 жылы (облыс халқының саны 678794 адам) Халық санағына қатысуы, сонымен қатар 2006 жылы Бірінші ауылшаруашылық санағын жүргізуі маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, бес жылда бір рет жүргізілетін мульти-индикаторлық кластерлік зерттеуге (МИКЗ) қатысты. Үкімет және БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының бірлескен бағдарламасы аясында отбасы денсаулығы, білім және бала тәрбиесі бойынша бірегей зерттеу жүргізілді. Президент жанындағы әйелдер және отбасылық – демографиялық саясат ісі бойынша Ұлттық комиссиясының және Сыртқы Істер министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті өкілдерінің қатысуымен «Тұрақты дамудың гендерлік мақсаты» конференциясы өтті. Статистикалық байқауларды жүргізуді жетілдіру жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру аясында 2007 жылы «бір терезе» қағидасы бойынша есептілік қабылдау іске асырылды.
Бүгінде статистикалық ақпараттарды жинау және өңдеу барысында жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолданамыз. 2013 жылдан «Е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесі аясында «Деректерді on-line режимде жинау» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол респонденттерге статистикалық органға бармай-ақ сандық қолтаңба арқылы есептілікті тапсыруға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 150 000 статистикалық есептілік, оның 85%-і онлайн режимде қабылданды. Бұл ретте ірі және орта кәсіпорындар есептіліктерін 100% онлайн режимде тапсырды. Қазір статистикалық ақпаратты жинаудың сапасын жақсарту мақсатында, пікіртерім жүргізудің компьютерлендірілген жүйесі мен телефон арқылы сұрау әдісі енгізілді.
Біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі – «Мүгедектігі бар тұлғалардың өмір сапасы», «Халықтың құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейі», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық», «Ұрпақ және Гендер» әлеуметтік және демография мәселелері бойынша іріктемелі халықтық зерттеулер тұрақты түрде жүргізілуде.
Жыл сайын Мемлекет басшысының Жолдауында назар аударатын тағы бір мәселе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – азаматтардың барлық конструктивті сұраныстарына жедел және тиімді жауап беру. Соңғы уақытта статистика саласы пайдаланушыларға уақытылы, объективті және қолжетімді болып түбегейлі өзгерді. Ресми статистикалық ақпаратқа пайдаланушылардың қолжетімділігі артты. Статистика салалары бойынша жыл басынан бері департаменттің интернет ресурсына 10 статистикалық басылым, 215 бюллетень және 172 жедел-ақпарат (кезеңділікті есепке алғанда) орналастырылған.
Облыстық статистика департаменті статистикалық ақпарат пайдаланушыларды қанағаттандыру мақсатында жыл сайын Ашық есік күнін өткізеді, статистикалық ақпаратты тарату түрі ұдайы жетілдіріліп отырады. Бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғысынша статистикалық ақпаратты қоғамға жеткізудің ең шұғыл және тиімді түрі болып келеді. Статистика салалары бойынша жыл басынан бері 130 баспасөз хабарламасы жарияланды. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін интерактивті режимде статистикалық деректерді таратудың жаңа құралы – Statkz мобильді қосымшасы іске қосылды. Мемлекеттік статистика органдары қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету және ақпараттық-имидждік саясатын қолдау мақсатында барлық жедел ақпарат Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшада орналастырылды.
Статистика – сандар жайлы ғылым, адамзат тарихын сандармен көрсету деп те айтуға болады. Көпшілік статистика – іш пыстыратын, жалаң сандар деп ойлайды. Алайда статистиканың маңызы зор. Мысалы, 2019 жылғы мәліметтер бойынша облыс көлемінде 100 және одан жоғары жастағы қарттар саны 13 адам, оның 12-сі ауылдық жерде тұрады. Өткен жылы 368 егіз бен 2 үшем (биылғы 9 айда сәйкесінше 320 егіз бен 2 үшем) дүниеге келді. Балаларға ең сирек кездесетін Мінсізай, Аңдашхан, Алифинур, Хахназархан, Ханкерей, Абдуллах, Рамиз есімдері берілуде.
Аудандар арасында қазақтардың басым көпшілігі 99,9% Аралда тұрады. Туудың 1000 адамға шаққандағы ең жоғары деңгейі 23,89 адам – Арал ауданында, ал ең төменгі 19,63 адам – Сырдария ауданында тіркелген. Тәуелсіздік алғаннан бері облыс халқының саны 211,1 мың адамға көбейіп, өсу қарқыны 35,6% құрады. Облыстағы халықтың өмір сүру ұзақтығы ерлерде 60,5 жастан 68,93 жасқа дейін, әйелдерде 68,6 жастан 76,68 жасқа дейін өскендігі байқалады. Республикада облыс тұз өндірісі және күріш өндіру бойынша бірінші орында, шикі мұнай өндіру бойынша үшінші, балық өңдеу бойынша төртінші орында.
Облыстық статистика департаменті қауырт жұмыстың арасында ұжымдастардың бірге демалуына да үлкен мән береді. Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай департамент қызметкерлері арасында ойшыл, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын мәнерлеп оқудан челлендж эстафетасы ұйымдастырылды. Ұжым мүшелері мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жобасының іс-шарасына, үздік мемлекеттік қызметшілер сайысына, облыстағы мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған спартакиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Команда мемлекеттік қызметкерлер арасындағы 25-спартакиадада «Үздік спорттық ұйым» номинациясын еншіледі.
Мемлекеттік статистикаға 100 жыл толуына орай, «100 қайырымды іс» акциясы ұйымдастырылып, акция барысында департаменттің соғыс және еңбек ардагерлеріне, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы екі отбасына көмек берілді. Сонымен қатар, департаментте алпыс адамнан тұратын ардагерлер кеңесі құрылған. Дәстүр бойынша, жыл сайын олар департаментте өткізілетін барлық салтанатты шараларға шақырту алады. Ардагерлер өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, статистикада болып жатқан жаңалықтарға қызығушылық танытады. Департаменттің жастары осындай шараларға үлкен ықыласпен қатысады, аға буын статистиктерімен өткен әр сағаттың құндылығына көз жеткізген олар барлық қызықты және пайдалы ақпаратты алуға тырысады. Әз Наурыз, Құрбан айт мейрамы мен Қарттар күніне ардагерлерге материалдық көмек көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Қазақстандық статистиктер тарихи даму кезеңінде барлық табыстар мен жетістіктерге ең бірінші жоғары дәрежелі, өз ісіне берілген мамандар арқылы қол жеткізді. 2012 жылы Үкімет Қаулысымен статистика тарихында алғаш рет «Статистика үздігі» төсбелгісі бекітіліп, өзінің лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген департаменттің 23 қызметкері марапатталды. Қазақстан статистикасы органдарының қызметінде көптеген оқиғалар мен фактілерге, тарихтың жарқын беттері, соның ішінде ең жарқын өмірлерін статистикаға арнаған керемет адамдардың өмірбаяндарымен толықты (ұлы Отан соғысының ардагерлері А.Сатыбалдиев, Ө.Қазанқапов, С.Әділбеков, еңбек ардагерлері Ә.Өтегенов, Б.Сапар, Л.Ким, К.Канцева, М.Масленникова, С.Шоқатаева, К.Наурызбаева, А.Төлеуова, М.Ли, Р.Мәндібаева, А.Жидебаева, Г.Ермекова және басқалары. Статистика тарихының қалыптасуы мен дамуын білу және ұмытпау керек, себебі өткенсіз болашақ жоқ.
Статистиканы қоғамның дамуының айнасы деп бекер айтпаса керек, себебі бірде-бір мемлекет пен адам статистикасыз өмір сүре алмайтыны анық. Біздің кішкене бөлшегімізге айналған цифрларымыз облыс және жалпы республикада өткізіліп жатқан реформалардың басты қозғаушы күшіне айналғанына мақтанамыз.
Айтулы күнде ресми статистиканың дамуы мен гүлденуі ісінде мемлекеттік статистика органдарының барлық министрліктер мен ведомстволар, жергілікті атқару органдары, ғалымдар, респонденттермен және басқа да пайдаланушылармен өзара қарым-қатынас құруы өте маңызды іс екенін айта кеткім келеді.
Мариям БАЕКЕЕВА,
облыстық статистика департаментінің басшысы





