Кеше ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.
Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады.
Ведомство басшылары инфляцияны азайту, салық-бюджет саясатын жетілдіру, жергілікті тауар өндіру барысын тізбектеді.
Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-министрі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жедел әрі нәтижелі орындау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ, Министрлер кабинеті мен облыстардың әкімдерімен өзара тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені бірлесіп шешу маңызды екенін ескертті.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент тапсырмаларын орындау бойынша қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Атап айтқанда, инфляцияны тұрақтандыру бойынша облыстағы азық-түлік тауарларының импортын төмендету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды жаңа әдіспен жүзеге асыру, облыс аумағынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы көтерме-тарату орталықтарын құру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы еліміз 90 процент импорттық қантқа тәуелді екенін, Үкімет тез арада қант өнеркәсібін дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеуі қажетін айтқан болатын. Аймақ басшысы бұл бағытта облыс көлемінде қант қызылшасы егіс көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін зерттеп, тиісті шаралар қабылдау керегін назарға алды.
Сондай-ақ, баға тұрақтылығын сақтау мақсатында тауарларды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен сауда орындарына делдалсыз өткізу бойынша заң шеңберінде фермерлерге қолдау көрсетуде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы соңғы уақытта нақты табыс көрсеткіші күрт төмендеп кеткенін, мұндай құлдыраудың көптен бері болмағанын да атап көрсеткен болатын. Бұл бағытта облыс әкімі аймақ халқының табысын арттыру жұмыстарын жандандырып, республикалық көрсеткіштен төмен емес деңгейді қамтамасыз ету бойынша да тапсырмалар берді. Оның ішінде, салалық басқармаға Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп «Облыстың еңбек нарығын дамыту жоспарының» жобасын шұғыл әзірлеуді жүктеді.
– Экономика салаларында биылға жоспарланған инвестициялық жобалар аясында 30 490 жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, отбасының цифрлық картасындағы деректерді жаңартып, жүргізілген зерттеулер бойынша анықталған көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар, облыс әкімі экономиканың нақты секторын қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша да бірқатар тапсырмалар берді. Ақша-несие және фискалдық саясатты жетілдіру бағытында салықтар мен төлемдер бойынша берешекті өндіру жұмыстарын жандандыру, бюджетке түсетін салықтар мен төлемдердің түсу қарқынының төмендеуіне жол бермеу керегін назарға алды.
ҚР Президенті автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілдерге де ерекше тоқталған болатын. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаев жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайтынын, жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажетін айтты.
Мемлекет басшының тапсырмалары аясында облыс әкімі жауапты сала басшыларына жол саласындағы құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алуды жүктеді. Сондай-ақ, биылға жоспарланған автомобиль жолдары мен көшелерді реконструкциялау, жөндеу, күтіп ұстау және жолға қатысты өзге де құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтауды қамтамасыз ету керегін жеткізді.
Бұдан бөлек, жол құрылысына қажетті материалдарды шығаратын жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныс енгізілуі, салада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру керегіне назар аударды.
Жиын соңында облыс әкімі Президент берген тапсырмаларды нәтижелі орындау бағытында аудан әкімдері мен барлық сала басшылары бірлесіп жұмыс істеуі керегін жеткізді. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік орган, белсенділігін арттыруы қажетіне тоқталып, Президент тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауда ұстайтынын айтты.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<