Нартайдың сырнайы табылды

5097

0

Ақын, композитор Нартай Бекежановтың сырнайы табылды. Құнды жәдігер Шиелі ауданы «Төңкеріс» ауылының тұрғыны Бегайым Сейітжанованың сандығында сақталған.

Ауыл тұрғыны Ілесбек қарияның айтуынша, анасы Бегайым әнге бейім, сөзге шешен болған. 1943 жылы 6-7 сынып оқып жүрген кезінде Алматыдан Роза Бағланова келіп, концерт қояды. Сол кеште мектеп оқушылары да ән айтыпты. Көпшілік ішінен дара дауысымен ерекшеленген бойжеткеннің талантына риза болған әнші өзімен бірге алып кетуге ұсыныс жасайды. Бірақ алдындағы ағалары майданға кеткендіктен, қарт әкесі жалғыз қызын жібермепті. 

– Анамыз Нартай Бекежановтың қарындасы болып келеді. Бала күнімізде үйде бір аспап тұратын. Оны ақ матамен орап, сандығына салып қоятын. Содан неше жылдай сақтаулы жатты, – дейді ауыл тұрғыны.

Нартай бұл сырнайымен 1936 жылы Мсәкеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде ән айтқан. Бұған 1990 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Аманат» кітабындағы сурет дәлел.

Қазір құнды жәдігер Нартай ән мектебінің жарқын өкілі Дәулетхан Ізбасқанға табысталған. 

– Сырнай деген көп табыла бермейтін аспап, табылса да күйі кетіп, жарамсыздау болып жатады. Ал мына сырнайдың орны ерекше. Бұл –атақты Нартай Бекежановтың қолы тиген киелі жәдігер. Марқұм Бегайым анамыздың біздің әулетке құдағилық жолы бар еді. Ұмытпасам 2012-2014 жылдар аралығы болуы керек, қолыма сырнайды енді ұстап Нартай әндерін үйреніп жүрген кезім. Бір күні үйге Бегайым апам қонақ болып келді. Құдағиы қонақ болып келген соң әкем де құшақ жайып қарсы алды. Әңгіме де айтылды, ән де айтылды. Шамамның келгенінше үйренген бір-екі ауыз термемді орындап бердім. Нартайдың әнін айтқанымды тыңдап, Бегайым апам ризашылығын білдіріп, батасын беріп, «бала күнімде әкеммен бірге Нартай үйімізге келіп, талай жырлаған. Әкем маған да өлең айтқызатын еді» деп біршама естеліктер айтты. Бегайым анамыз сол кезде мені жассынды ма, қолындағы құнды жәдігер жайлы тіс жармады.

Жақында үлкен ұлы Ілесбек ағамыз хабарласып: «Ізбасхан бір тапсыратын дүнием бар еді, үйге келіп кетерсің»  деді. «Анам көзінің қарашығындай қараушы еді. Біздің әулетте өнер жолын ұстанған адам болмады. Нартай атамыздың жырын жырлап, ізінде жүрген өзің ғой», деп қолыма ұстатты, – дейді жас әнші.

Асыл мұра осылайша қайта жарыққа шығып отыр. «Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең» деген осы болса керек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<