Нашақорлық – қоғам дерті

4942

0

Өмір – адамзаттың басты байлығы. Ол табиғатпен тығыз байланысты екені бәрімізге белгілі. Ондағы тау мен тас та, самал жел мен ұлан-ғайыр атырап та адам өмірінің бір бөлшегі. Біз бұл құбылыстарды көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы сезініп, өмір сапасын арттырамыз. Бұл дегеніміз – адами құндылықтарды бойға сіңіру.

Менің ойымша,өмірде көптеген құндылықтар бар. Ол әуелі-мен, менің кіші Отаным – отбасым, достарым, білім деңгейім және денсаулығым. Осы аталған құндылықтарға жету жолында адамзат баласы көп қиындықтан өтіп, уақыты мен күшін сарп етеді. Біз өз өмірімізді құнды заттармен толықтырып, білім деңгейімізді жетілдіріп, өмірдегі мақсат-мұратымызды айқындап, жаңа өмір позициясын игере отырып қана нағыз адам боламыз.

Мен өмір баспалдақтарын енді-енді аттап келе жатқандықтан, өмір сүргім, оқығым-тоқығым, жетістікке жетіп, жаңашыл нәрселерді байқап көргім келеді. Сондықтан да, менің таңдауым – салауатты өмір салтын ұстану. Біздің қоғам махаббат пен мейірімге толы. Алайда, ақтың қарасы, жақсылықтың жамандығы қоса жүретіні секілді махаббат пен мейірбандыққа да кереғар нәрселер көп-ті.

Теріс бағыттағы, жалпы әлем бойынша ауқымды мәселелердің бірі – нашақорлық. Көптеген адам бұл мәселеге атүсті қарайды. Әсіресе, жастар арасында белең алған бұл ауру өз өршуін тоқтатар емес.

Жалпы нашақорлық дегеніміз – есірткі немесе психотроптық заттарға тәуелділіктен туындайтын ауру. Нашақорлық көптеген қылмыстарға тікелей себепкер. Ғылыми деректерге сүйенер болсақ, кәмелетке толмаған нашақорлардың шамамен 2/3 бөлігі қылмыскерге айналады. Себебі, есірткіге деген құмарлық келесі дозаны алу үшін қылмысқа апармай қоймайды. Әсіресе, ұрлық жасауға көптеп итермелейді. Сонымен қатар, кейде агрессивтілік тудыратын есірткілер өзінің қатыгездігімен мағынасыз қылмыстарға жетелейді. Ақырында есірткіден әлсіреген қылмыскер өзі оңай құрбан болады. Жоғарыда сөз болған ғаламдық мәселе біздің елімізде де айтарлықтай өршіп, ауыздықтатпай тұр. Тас шайнап, құм түкіретін ата-бабамыздың ізін, есірткіні жанына серік еткен нашақор азаматтардың жалғап келе жатқаны әрине, өкінішті-ақ.

Нашақорлық – қоғам дерті. Нашақорлықпен күресу бір немесе бірнеше адам оңай жеңетін нәрсе емес. Бұл жерде түрлі мамандар, ата-аналар,қоғам белсенділері, сіздер мен біздер әрбір Қазақстанның азаматы тысқары қалмауы керек. Ғасыр індетімен күресу, оның жайылуына қарсы тұру біздің міндетіміз. Дүниедегі ең құнды, ең бағалы зат – ол сенің өмірің. Сенің өмірің, сенің амандығың, сенің жарқын әрі айқын болашағың өз қолыңда! Дұрыс таңдау – жарқын болашаққа бастар көпір және бақытты өмірдің айнасы.

Жанель Қорғанбекқызы,

Жалағаш ауданы

№246 орта мектеп

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<