Наурыз айы маңызды шараларға толы

617

0

Наурыз –  мерекеге толы айдың бірі. Алғыс айту күнімен басталатын көктемнің алғашқы айы Халықаралық әйелдер мерекесімен жалғасып, әрі қарай  Ұлыстың ұлы күні, күн мен түн теңелер, тіршілік біткен жаңарар Наурыз  мейрамына ұласады. Биыл бұл айтулы күндерге қасиетті Рамазан айы да қосылып отыр. Осы айда атап өтілетін мерекелер,  ұйымдастырылатын шаралар туралы кеше облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

–       Өздеріңізге белгілі, биыл Алғыс айту күні  Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуымен қатар келіп отыр. Осы орайда «Бірлік пен ынтымақтастыққа 30 жыл» айдарымен біз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің мызғымас бірлігі мен әрбір азаматтың Отанға деген мәңгілік сүйіспеншілігін одан әрі ұлықтауымыз қажет. Сондықтан атаулы мерекенің идеологиялық мазмұны – жұмысшы мамандықтар жылына баса назар аудара отырып, жанқиярлық еңбектері мен тарихтың әртүрлі кезеңдерінде өзінің кәсіби және азаматтық борышын адал атқарған қарапайым азаматтарға ризашылық пен алғыс білдіру. Мерекелік іс-шаралар 25 ақпан-2 наурыз аралығында ұйымдастырылады. Апта көлемінде облыс бойынша 200-ге жуық кешенді іс-шара өткізіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның ішінде  «Қайырымдылық керуені» акциясы басталады.  Негізгі іс-шаралар 1 наурыз күні «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған тақтаның ашылу салтанатынан басталады. Одан әрі аймақ басшысының қатысуымен салтанатты іс-шара, гүл шоқтарын қою рәсімі, «Қайырымдылық қоржыны» акциясы ұйымдастырылады. Іс-шара этномәдени бірлестіктердің шығармашылық концертімен қорытындыланады.

Биылғы Рамазан айы 1-30 наурыз аралығын қамтиды. Шахмардан Асқарұлының айтуынша, қасиетті айды өз деңгейінде өткізу үшін  іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылады.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін мерекелеудің қалыптасқан дәстүрі аясында облыс көлемінде 173 шара өткізіледі деп жоспарлануда.

–    Биыл отбасы институтын дамыту, рухани тәрбие құндылығын нығайту, әйел мен бала құқығын қорғау саласында жасалып жатқан реформалар кеңінен насихатталады және жұмысшы мамандық иелері дәріптеледі. Барлық аудан мен Қызылорда қаласы әкімдерінің мерекелік қабылдаулары мен түрлі шаралар ұйымдастырылады. Облыс әкімінің мерекелік қабылдауы 7 наурыз күні өткізіледі деп жоспарлануда. Оған жоғарыда атап өткенімдей, жұмысшы мамандықтарға басымдық беріле отырып, 50-ге жуық қонақ қатыстырылады, – деп атап өтті Ш. Байманов.

Былтырдан  бері республика көлемінде «Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасы» қабылданып, 14-23-і аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіліп, әр күнге арнайы тақырыптар бекітілді. Биыл осы бағытта облыс көлемінде 103 шара жоспарланса, оның 38-і облыстық деңгейде өткізіледі.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»