Наурызнама онкүндігінің тоғызыншы күні – Жыл басы. Бұл күн – бәріміз бірге жаңа тарихи кезеңді бастайтын күн.
Бүгін Көмекбаев ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған мерекелік шара өткізілді.
Шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер төрағасы Асқар Мереков пен ел ағалары қатысты.
«Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматы Наурызнама тұжырымдамасы қабылданды. 14-23 наурыз аралығындағы мерекелік онкүндіктің әр күні еліміздің мәдени байлығы мен ерекшелігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналған. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы, қасиетті бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүрдің көрінісі – әз-Наурыз баршаңызға ырыс, несібе әкелсін!», – деді Жандос Еркінбекұлы.
Шара барысында бірқатар азаматтарға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауы табысталды.
Ақ дастархан жайылып, тұс-тұстан киіз үйлер тігілді. Ақсақалдар бата беріп, ізгі-тілектерін жеткізді. Ұлттық тағамдар әзірленіп, ұлттық ойындардан түрлі сайыстар өткізіліп, қазақ халқының құндылықтары кеңінен насихатталды.
Мерекелік шара аясында аудан басшысы кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ізгі тілегін жеткізді.
Іс-шара аудан өнерпаздарының өнер көрсетуімен концерттік бағдарламаға ұласты. Ауыл халқы мерекелік қуанышта бас қосып, тарихымыздың жаңа кезеңінің басталуын мақтанышпен атап өтуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<