Жыл басы – Ұлыстың ұлы күніне орай Сыр өңірінде түрлі тақырыптағы 300-ге жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылмақ. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 100-ге жуық іс-шара өткізілмек.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов пен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов айтты.
Спикерлердің айтуынша, тарихи тағылымы мен мағынасы терең бұл мерекені жоғары деңгейде атап өту мақсатында 14 наурыздан 22 наурызға дейінгі 6 күнге жеке-жеке атау берілген.
«Мереке қарсаңында аға ұрпақтың, үлкендердің батасын алу – бұрынғының жолы. Бұл ретте, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда «Амал» мерекесі, «Сәлемдесу» іс-шаралары ұйымдастырылады, ақсақалдардан бата алу, төс қағыстыру рәсімдері өткізіледі. Амал мерекесі аясында медициналық мекемелерде ем қабылдап жатқан жандардың жағдайын білу және әлеуметтік қызмет көрсету нысандарында қызмет алып жатқан тұрғындарға арналған іс-шаралар өтеді.
Наурыздың нақышын келтіретін іс-шаралардың ең негізгісі – қайырымдылық. Бұл ретте, облыс әкімінің қатысуымен орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Қайырымды ұлт» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы өтеді. Оның аясында «Наурыз шапағаты» шарасы ұйымдастырылады», – деді А.Есмаханов.
«Қызылорда қаласы бойынша және қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде, қаланың барлық шағын аудандарында, білім, спорт, мәдениет ошақтарында түрлі сипатта барлығы 100-ге жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылады», – деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Ж.Сейілов.
Атап айтқанда, 14 наурыз – «Амал мерекесінде» (қауышу күні) зиялы қауым өкілдерінің, еңбек ардагерлерінің қатысуымен жалпы халыққа және жастарға Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәнін, ұлттық салт-санамыздың, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, мызғымас татулықтың Тәуелсіздігімізді баянды етуге тигізер әсері мен пайдасын түсіндіру үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар өтеді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің қатысуымен өтетін «Наурыз шапағаты» қайырымдылық күнінде халықтың аз қамтылған топтарын қолдауға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру жоспарлануда.
15 наурыз – «Тарихтан тағылым» күні ұлт мақтанышы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған еске алу, ұлықтау және Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған түрлі сипаттағы іс-шаралар, білім сайыстары өтеді.Сондай-ақ, елді мекендерде ауыл халқының бірлігін арттыру мақсатында (мал шалу, ас беру, құран бағыштау) «Тасаттық» рәсімі жасалады.
16 наурыз – «Наурыз нақышы – тазалық» атты көркейту-көгалдандыру, тазалық күні. Бұл күні зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ағаш көшеттері отырғызылып, қаланы абаттандыруға бағытталған тазалық жұмыстары атқарылады.
Сонымен қатар, барлық мекеме, ұжымдардың бір мезеттегі «Ағаш отырғызу» акциясы, аулалар мен саябақтарды көгалдандыру бойынша «Жасыл үй» челленджі басталады.17 наурыз – «Ұлттық спорт – ұлт салауаты» ұлттық ойындар күні. Бұл күні қазақша күрес, асық ату және тағы да басқа ұлттық ойындардан сайыстар, велошерулер, марафон секілді спорт түрлерін қамту көзделген. Сонымен бірге, жалпы білім беру ұйымдарында оқушылар арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында сайыстар мен түрлі бағыттағы спорттық спартакиадалар өткізіледі.
20 наурыз – «Жастар күнінде» жастар жиналып қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарын ойнап, думанды кеш өткізеді. Жастар жадында ұлттық құндылықтар жаңғыратын бұл күннің рухани, мәдени маңызы да жоғары болмақ.
21 наурыз – орталық алаңда «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы – Наурыз мейрамын тойлауға арналған мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады.
22 наурыз – Жалпыхалықтық серуен. Ұлыстың ұлы күніне арналған мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған Наурызнама мерекесі аясында құндылықтарды бағалау, жаңа күнді, жыл басын жоғарғы шығармашылық кәсіби деңгейде жыл көлемінде тойланатын атаулы мерейтойларға ұштастыру.
Негізгі мерекелік іс-шара 21 наурыз күні орталық алаңда өткізілмек. 85 жыл мерейтойына орай Орталық алаңда 38 киiз үй тігілiп, 85 бүлдіршіннің тұсаукесер рәсімі өтеді. Концерттік бағдарлама, түрлі жарыстары мен театрландырылған қойылымдар көрермен назарына ұсынылады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<