Көпбейінді облыстық аурухананың кеңес беру және диагностика бөлімшесінде Ашық есік күні өтті. Аурухананың бүйрек аурулары бөлімшесінің меңгерушісі, облыстың жоғары санатты штаттан тыс бас нефрологі Лиза Нұрсұлтанова мен нефролог Сандуғаш Досмаханова науқастарды қабылдады.
Халықты бүйрек ауруы туралы кеңінен ақпараттандыру, ауруларды ерте диагностикалауды мақсат еткен іс-шараға келген жандардың қарасы қалың болды. Дәрігер қабылдауында болған қала тұрғыны Нұрсұлу Айдарбекова бүйрек ауруына жас күнінде мән бермегенін айтады.
− Алпыстан астым. Жас кезімде бүйрегім ауыратын. Әлсіздік, ұйқысыздық, тамаққа тәбеттің болмауы бүйрек ауруының алғашқы белгілері екен. Мән бермегенмін. Мүмкін бүйрек жұмысы содан нашарлаған шығар. Уақытылы қаралып дұрыс ем алмадым. Сырқатым бар. Содан әлі күнге дейін бүйрегімді жиі тексертіп, ем алып тұрамын. Бүгін білікті нефрологтардан жолдамасыз тегін кеңес алдым. Дәрігер барлық қан талдауларыма қарап, қандай ем алатынымды түсіндірді, − деді тұрғын.
Дәрігерлер бүйрек ауруларының алдын алу маңызды екенін ескертеді. Жүйелі түрде тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға барып, профилактикалық тексерулерден өту қажет.
− Бүйрек дертін алғашқы сатысында емдеген жеңілірек. Ал сырқат асқынған жағдайда еңбекке жарамсыздыққа, тіпті, мүгедектікке дейін әкелуі мүмкін. Бүйрек аурулары жүрекке салмақ түсіріп, 30 пайызында инфаркт пен инсульттің себебі болады екен. Оны болдырмас үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен айналысу қажет. Дене шынықтыру бүйрек ауруларының қаупін азайтады. Дәрі-дәрмекті дәрігердің нұсқауынсыз қабылдамаған жөн. Кейбір дәрілердің нефротоксикалық әсері бар. Егер қант диабеті, гипертензия, артық салмақтағы бүйрегі сырқат жандар болса, тұрақты түрде тексеріліп тұру қажет, − дейді нефролог Лиза Нариманқызы.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<