Неге әкесі тірі кісі бас ұстамайды?

1500

0

Қазақтың тыйым сөзі – ұлттық тәрбие көзі. Ырым-тыйым көбінесе балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды рөл атқарады.

Осы орайда, этнограф Зейнеп Ахметованың халық арасында кең таралған тыйым сөздерге берген түсініктемесін оқырман назарына ұсынады.

«Әкесі тірі кісі бас ұстамайды»

Адамның Алладан кейінгі пірі – өзін өмірге әкелген ата-анасы. Қазақта әке – шаңырақтың тірегі, отбасының тұтқасы. Осындай алдыңда асқар таудай әке тұрғанда баласы бас ұстап, әкенің жолын кесуді ойына да алмаған, бұл – қазақтың ұғым-түсінігіне мүлде жат қылық. Тіпті өзі балалы-шағалы болса да, егер әкенің көзі тірі болса, бас ұстамайды. Қайта әкенің амандығын тілеп, өзінің әлі де әкелі «бала» екеніне шүкіршілік етеді.

Әке өмірден өткен жағдайда көрші-көлем, дос-жаран марқұмның қырқы өткен соң қаралы үйдің қамкөңіл адамдарын қонаққа шақырады. Оны бір жерде – «көңілшай», тағы бір өңірде «жұбату шай» немесе «еңсе көтеру» деп те атайды. Қалай аталса да, басқаның қайғы-қуанышын көтерісе білетін көңілге қарағыш халқымыздың бұл да бір текті ғұрпы. Осындай қонақтықта жөн білетін үлкен кісілердің бірі ұлына: «Қарағым, енді әкеңнің орнын жоқтатпай шаңыраққа ие болатын сенсің. Отбасыңның береке-құтын жұтатпай үй ішіңе қамқор бол, әкеңнің түтінін түзу шығаруыңа Алла нәсіп етсін!» – деген секілді тілектерді айтып, алдына бас тартады. Бұл – тек бас мүжу емес, азаматқа жүктелген үлкен міндет.

Бір қолмен нан үзбе, кесір болады, кесірден басыңа кесепат келеді. Нанды қорласаң, ақыры өзің сорлайсың», – деген секілді ескерту, ақыл сөздермен тәрбиелейтін. Қай кезеңде болсын нанның қасиеті туралы аз жазылған жоқ.

«Ақты төкпе», «ақты баспа».

Ақ дегеніміз – сүт, айран, кілегей, қаймақ, қатық, саумал, қымыз, шұбат… Бұларды «ағарған» деп те атайды. Парызы да, қарызы да, өмірлік мәні де ерекше ананың ақ сүтін қасиеттейтін халқымыз малдың сүтін де ардақтайды. Қазақтар тіршілік ету салтына қарай малды көп ұстаған халық әрі төрт түліктің қадірін, бабын жетік білген. Ақтың адам ағзасына ұшан-теңіз пайдалы екенін өте ертеден ұққандықтан сүт өнімдері қазақ дастарқанының мәні мен сәні, берекелі азығы.

«Ақты қорлағанды ант ұрады» деп «ақты төкпе», «ақты баспа» деген секілді тыйымдар мен аққа байланысты ырымдарды тұрмыста берік қолданады. Айтайық, жолға шығып бара жатқан жолаушыға ақ ішкізіп аттандырып: «Ақ жол болсын!» – деп тілек айтады.

Тіпті үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ тамызып шығарып жібереді. Босағадан бас сұққан жылан екеш жыланға да қастық жасамай, көңілдің түзулігін, пейілдің ақтығын сүт арқылы білдірген. Өздігінен бәле іздемейтін бейбіт, текті халықтың басқаға ұқсамайтын бұл да бір ерекшелігі еді. Тілімізде «ақ сақалды ата», «ақ жаулықты ана», «ақ неке», «ак жүрек», «ақ пейіл», «ақ ниет» деген секілді ақпен байланысты тіркестер жиі кездеседі. Мұның бәрі – ақ сүттің қасиетіне, тазалығына орайластырылған ұғымдар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<