«Неге жаным, шығарып сала алмадың?!»

457

0

Екі ғасырдан астам тарихы бар, сол тарихында Алаш жұртына астана болған Қызылорда қаласы заман көшінен қалыс қалмай, жыл сайын қарыштап дамып келеді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті тұрақты, мәдени-рухани дамуы да серпінді. Жылдағы дәстүрге сай биыл да «Қала күні» аясында бір айға ұласқан мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарланған.

Соның алғашқысы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Жастар театры» жаңа маусымның премьерасы ретінде Сыр жұртшылығына тағдырлы ақын, талант иесі Зейнолла Шүкіровтің ғұмырнамасынан сыр шертетін «Неге жаным, шығарып сала алмадың?!» атты лирикалық драмасын ұсынды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев пен Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханның бірлесе дайындаған туындысы терең толғанысқа, тебіреніске толы.

…Сахна шымылдығы ашылып, теңіз жағасында алаңсыз ойнап жүрген екі баланың бірі абайсызда түйеден құлап, ауыр жағдайға ұшырайды. Қимылсыз қалған баланы қасындағылар әупірімдеп көтеріп үйіне әкеледі. Бала сол жатқаннан орнынан тұрмайды. Екі аяғы жүрмейді, алайда арман-қиялы алыста, көкірегі сайрап тұр. Енді балалардай мектепке барып, білім алуға мүмкіндігі болмайды. Алайда үйде отырса да, қатарынан қалыспай, тынбай оқиды, талмай ізденеді. Іштегі шері, дәрменсіз жанының арпалысы жыр жолдарына айналады. Бұл – тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіров еді…

Ақын Арал теңізінің жағасындағы «Бөген» деп аталатын балықшы  ауылда өмір кешкен. Сондықтан оның сезімі де сондай тұңғиық, сыршыл болатын. Тіпті осынау алып теңізбен тағдырлас еді…

– Кіндігім бірге Аралмен,

Теңізден тыныс алам мен, – деп толқиды ақын жүрегі.

Арбаға таңылған дімкәс жанға ем-дом жасап жүріп, өлеңдеріне ынтық болған Әйгерім есімді бойжеткен ақын жүрегін арпалысқа салады. «Неге жаным, шығарып сала алмадың?!» деген сағыныш пен мұңға тұнған туынды осылайша өмірге келеді.

– Таба алмадым, артыма алаңдадым,

Неге жаным, шығарып сала алмадың?

Кете бердім жаудырап жанарда мұң,

Терезеңнен көзімді ала алмадым.

Қалай бірге қалмадым мен де осында,

Көлеңкең боп неліктен жаралмадым…

Тағдырлы ақынның шығармашылығын Бауыржан Момышұлындай қазақтың біртуар азаматынан бастап, Мұзафар Әлімбаев, Мұқағали Мақатаев, Иран-Ғайып, Шәмші Қалдаяқов сынды дарабоз талант иелері жоғары бағалады. Айталық, ақын М.Әлімбаев оған арнап «Құрыш қазақ» поэмасын жазған. Жалпы әдеби қауым оның  қажырлы еңбегіне қолдау танытып, ұдайы шығармашылық байланыста болды. Соның тағы бір көрінісі, ақын Зейнолла Шүкіровтің сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әнін халық әлі күнге дейін сүйсіне шырқайды.

Ақынның 1955 жылы «Менің достарым» атты алғашқы жыр жинағы жарыққа шықты. Кейін әр жылдары «Теңіз жырлары», «Арал дәптері», «Сағыныш» атты өлең кітаптары мен повесть, роман жанрындағы дүниелері оқырманмен қауышты. Сонымен қатар, ақын аудармамен де айналысқан. Тағдыр сынына тайсалмай, қарсы тұра білген талант иесі осылайша қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып кетті.

– Періште боп келіп едім өмірге,

Кетіп барам сол періште қалпымда, – деп жырлаған ақын, жанын азапқа салған жалған дүниеге қош айтып, 52 жасында бақилық сапарға аттанды…

Қойылым аяқталды, сахна шымылдығы жабылды. Зал толы көрермен орнынан тік тұрып, шығармашылық ұжымға қошеметін білдірді. Айта кетейік, бала Зейнолланың рөлін жас талапкер, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Ержігіт Сармырза, ал ақынның ересек бейнесін  «Жастар театрының» актері Мұхамедхан Алиханов шеберлікпен сомдап шықты.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов лирикалық қойылымды тамашалауға келген халықты қала күнімен құттықтады.

– Құрметті өнерсүйер ағайын, жаңа өздеріңіз куә болғандай, биыл өз алдына дербес мекеме, кәсіби ұжым болып құрылған «Жастар театрының» жаңа маусымында сахналанып отырған лирикалық драманың премьерасы – Алашқа танымал, тағдырлы ақын, жерлесіміз Зейнолла Шүкіров ағамыздың өнер жолына, өмір жолына арналды. Қос ақынның бірлескен туындысы керемет толқулы сәтті көрермен басынан кешіре отырып, шынайы әрі көркем сахналануымен көңілге ерекше әсер етті.

«Жастар театрының» тарихын көпшілік біледі. Қалалық мәдениет үйі жанынан үйірме ретінде 7 жыл жұмыс жасап келді. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен дербес мекеме болып құрылды. Қанша жылдан бері осы ұжымға жетекшілік еткен Оңталап Нұрмахан ағамыздың қажырлы еңбегінің нәтижесінде кәсіби ұжым қалыптасып,  рухани дүниелерді көрерменге ұсынып отыр. Алдағы уақытта да «Жастар театры» ұжымына зор шығармашылық табыстар тілейміз, – деді Ж.Тәжмаханов.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жан әлемінің алапат тебіренісін бейнелейтін жаңа қойылымды көрермен өте жылы қабылдады.  Олардың арасынан Арал өңірінен арнайы келген  белгілі қаламгер Ерғали Абдуллаев пікірін айтып, қойылымдағы әрбір кейіпкердің болмысын әсерлі сомдай білген жас актерлерге алғысын білдірді.

– Зейнолла ақынның тағдыры біздің Аралдың тағдыры сияқты. Аралдың тағдырын өздеріңіз білесіздер, әлем біледі. Қазір жарымжан күйде. Соның бір перзенті Зейнолла Шүкіров осындай тағдырдың иесі еді. Осы тағдырды бүгін өнер әлеміне алып келіп жатыр. Ақын-жазушыларымыз бұл кісі туралы көп жазды. Десек те бүгін Сыр елінің «Жастар театры» осынау бейнені халықтың алдына қайта бір ұсынғаны біз үшін ғанибет!

Зейнолла ақынның туған жері Аралдың сәлемін, ыстық ықыласын ала келдік. Драмалық қойылымның авторларына, ақын Нұрмат Мансұр жетекшілік ететін  «Жастар театрының» ұжымына зор алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Жаңа драмалық туындының авторлары, Сырдың шығармашылық және өнер саласында табанды еңбек етіп жүрген талантты ақын Толыбай Абылаев, танымал режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі  Оңталап Нұрмахан сөз кезегінде қойылымның сахнаға шығуына қолдау көрсеткен барша ұйымдастырушыларға, «Жастар театры» ұжымына, сондай-ақ жаңа туындыны ыстық ықыласпен қабылдаған Сыр халқына алғыс айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<