Негізгі міндет – бұқаралық спортты дамыту

817

0

Қазіргі кезеңде сапалы ұлт қалыптастыру үшін азаматтарды спортпен шұғылдануға баулу – аса маңызды міндеттің бірі. Бұл ретте өңірлерде бұқаралық спортты дамыту деңгейін көтеру өзекті. Сыр елінде бұл көрсеткіш бүгінгі күні 34 пайызды құрады, яғни 280 мыңнан астам облыс тұрғыны спорттың жаппай түрлерімен айналысуда. Алдағы уақытта осы көрсеткішті 38 пайызға жеткізу қажет.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұлов салалық мәселелердегі негізгі басымдықтар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Қазірде өңірдегі 21 спорт мектебінде 21 161 бала мен жасөспірім 48 спорт түрі бойынша жаттығады. Өткен жылы халықты спорттық инфрақұрылыммен қамту үлесі 41,6 пайызға жеткен. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорт саласы бойынша 6 жоба іске асты. Осы жұмыстардың нәтижесінде қызылордалық 188 спортшы Әлем чемпионаттарында жүлдегер атанып, 131 спортшы Азия чемпионаттарында медаль жеңіп алған.Асылжан Жаманқұлов мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберіндегі жобаларға да тоқталды. Өткен жылы осы бағытта 212 млн. теңге бөлініп, 2 156 бала тегін спорт үйірмелерге тартылса, биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 638 млн. теңгеге дейін ұлғайып, 4 312 баланы қамту жоспарланған. Сондай-ақ, ол жаз мезгілінде Қытайда өтетін Азия ойындарына спортшыларды баптау және дайындық шаралары басталғанын тілге тиек етті. Спорт саласындағы жұмыстарды саралаған аймақ басшысы бұқаралық және балалар спортын күшейту үшін әрбір жобаның балаларға тиімділігі ескеріліп, спорттық тапсырыстың әділетті бөлінуін қадағау маңызды екенін қаперге салды. Әсіресе, «Балалар жылы» аясында дарынды балаларға қолдау көрсетіп, спортпен кәсіби түрде айналысатын жеткіншектерге ерекше көңіл болу керектігін ескертті. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорт нысандарын салу, демеушілермен тұрақты жұмыс жүргізуді әрі қарай ілгерілету қажет деді.

©Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<