Негізгі қағидаттардың сақталуы маңызды

845

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24-25 мамырда Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Президент онда II Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты.

Мемлекет басшысының Ресей астанасындағы жұмыс бағдарламасы өте қызу болды. Жоспарланған іс-шаралар аясында ЕАЭО көшбасшылары Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің өзекті мәселелері мен даму перспективалары бойынша пікір алмасты. Екінші күні ЖЕЭК отырысының аясында кеңейтілген құрамда басқа серіктес елдердің басшылары шақырылды. Саммитке Еуразиялық «бестіктің» президенттерімен қатар ЕАЭО бақылаушы мемлекеттері: Өзбекстан мен Кубаның басшылары, сондай-ақ Әзербайжан мен Тәжікстанның шақырылған президенттері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының бірінші күні Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында еуразиялық «бестіктегі» әріптестерінің назарын ЕАЭО құру мен жұмыс істеудің іргелі қағидаттарын қамтамасыз ету маңыздылығына аударды. Сондай-ақ Одақтың дамуының жаңа басымдықтарын бірлесіп анықтауға шақырды.

Сонымен қатар Президент Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын анықтау қажеттігіне назар аударды.

– Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді.  Қазақстан 2015 жылғы Шарттың негізінде дәл осы интеграцияны қолдайтынын тағы да атап өткім келеді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфрақұрылымға тең дәрежеде қолжетімділік, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек. Бұл – біздің ортақ ісіміздің негізгі қағидаттары, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, ең алдымен, Одақ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі міндеттерін шешуге шоғырлану қажет. Мұнсыз бұдан да өршіл мақсаттар қою қиын. Жаңалық енгізбес бұрын, бұрыннан жоспарланған нәрсені іске асыру үшін бар күш-жігерді жұмсаған жөн. Сондықтан экономикалық интеграция табысының негізгі өлшемі стратегиялар, келісім-шарттар мен шешімдердің саны емес, жаңа өндірістер, технологиялар мен жұмыс орындары болуы тиіс.

– Біз үшін ЕАЭО аясындағы интеграция ең алдымен экономикалық сипатқа ие, ол 2015 жылғы келісімде бекітілген. Стратегияда көрсетілген кез келген басқа салалардың, әрине, өмір сүруге құқығы бар, бірақ оларға экономика призмасы арқылы қарау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Ресей мен Беларусь интеграциясына және ЕАЭО-ның өзге мүшелері арасындағы қарым-қатынастың айырмашылығына да назар аударды.

– Біз ескеруге тиіс концептуал шындық немесе ерекшелік бар. Бұл – Еуразия экономика одағы аясындағы Ресей мен Беларусь одағы. Яғни әлемдік саясат тарихында бірегей құбылыс пайда болды – саяси, заңнамалық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бір, біртұтас одақ үкіметі мен біртұтас одақ парламенті бар «Екі ел – бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Тіпті қазір екеуінің ядролық қаруы да ортақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтуынша, ЕАЭО-ның қалған елдерінің позициясы бөлек. Қазақстан, Қырғызстан және Армения интеграцияның басқа деңгейінде тұр. «Осы шындықпен санасуымыз керек. Осындай жағдайда қалай жұмыс істейміз. Бұл – концептуал мәселе», – деді Мемлекет басшысы.

25 мамырда ЕАЭО отырысында еуразиялық интеграцияның келешегі, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен өзара іс-қимылы туралы талқылау жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі геосаяси сілкіністер дүние жүзіндегі экономикалық жағдайға айтарлықтай әсер етіп отырғанын атап өтті. Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық оң динамика көрсетіп отыр. Президент ЕАЭО қызметі жылдарында Қазақстанның Одаққа мүше басқа елдермен тауар айналымының 74%-ға, экспорт 98%-ға өскенін де атап өтті.

Президент келесі жылы Одақтың құрылғанына 10 жыл толатынын және ЕАЭО-ның мерейтойлық саммитін Астанада өткізуді ұсынғанын атап өтті. Астанада мерейтойлық жиын өткізудің символдық мәні бар. Өйткені ЕАЭО-ны құру туралы шартқа Қазақстан астанасында қол қойылды.

Мәскеудегі кездесулердің кеңейтілген бағдарламасы екі күндік ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қазақстандық делегацияның жеті тақырыптық бағыт бойынша 35 сессияға қатысуын қарастырды.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<