Неліктен студенттер мен мектеп оқушылары есірткі сатушылардың оңай олжасына айналады

503

0

Сурет: Ашық дереккөз

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері әртүрлі бейіндегі оқу орындарында есірткінің заңсыз айналымына қатысудың салдары туралы үнемі айтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Студенттер арасында жүргізілген сауалнамалар олардың есірткі үшін берілетін жазадан хабарсыз екенін көрсетті. Мефедрон сияқты синтетикалық препараттың 1,5 грамын өткізгені үшін 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Полиция студенттік жатақханаларда рейдтер ұйымдастырды.

Біріншіден, жатақханаларда тұратын студенттерге кез келген психоактивті заттарды қолданудың салдары, сондай-ақ есірткі сатуға қатысқаны үшін жаза туралы ескертіледі.

Екіншіден, рейдтер барысында қызметтік иттері бар кинологтар жатақханалардың үй-жайларын есірткінің бар-жоғына тексереді. Бір апта ішінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде есірткінің қолданылуын немесе таралуын анықтау және есірткі қылмысы үшін жауапкершілікті түсіндіру үшін колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларында қызметтік-іздестіру иттерін пайдалана отырып, осындай 25 рейд өткізілді.

– Студенттер мен жасөспірімдер есірткі дилерлерінің оңай олжасына айналады. Тәуелсіз өмірді бастай отырып, бос уақытында ақша табуға тырысып, жастар кез келген заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті әрдайым біле бермейді. Ішкі істер министрлігінің міндеті – әрбір оқушы мен студентке осындай “табыстың” салдары туралы ескерту. 16 жастан бастап, барлық есірткі әрекеттері үшін толық жауап беруге тура келеді. Есірткі жасырушылар немесе курьерлер 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алады. Интернетте есірткіні жарнамалау, насихаттау, белгілі бір есірткі туралы форумдарда оң пікірлер үшін жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<