Нүкіс неге толқыды?

492

0

Өткен аптаның соңына қарай бүкіл әлемнің назары бізбен іргелес жатқан Қарақалпақстанға ауды. Нүкісте жұма күні митинг өтті. «Халықтың наразылығына Конституцияға енгізілетін түзетулер себеп болған» деп Өзбекстан ІІМ ақпарат қызметі хабар таратты.

Жұрттың наразылығына алдағы референдумда Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыру жоспары себеп болған.

«Қарақалпақстанның кейбір азаматтары конституциялық реформаларды дұрыс түсінбегендіктен, шеруге шыққан. Кейін заңсыз демонстрация ұйымдастырған. Қазір тәртіп қалпына келтірілді, азаматтармен түсіндіру жұмысы жүріп жатыр» деп мәлімдеді полиция.

Өзбекстанның қазіргі конституциясы бойынша Қарақалпақстан – егеменді республика. Бүкілхалықтық референдум негізінде Өзбекстан құрамынан бөлініп шыға алады. Жаңа өзгерістерден бұл нормалар алынып қалған. Жаңа конституция жобасының 70, 71, 72, 74 және 75-баптарында Қарақалпақстанның жаңа статусы көрсетілген.

Нүкіске арнайы келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ел конституциясына Қарақалпақстан егемендігін жоюға қатысты өзгерістерді кері қайтарды. Президент баспасөз қызметінің Telegram арнасындағы хабарға қарағанда, мемлекет басшысы Қарақалпақстанда зиялы қауым өкілдерімен кездесуде осындай пікір айтқан. Қарақалпақстан Жоқарғы Кеңесінің депутаттары және қоғам белсенділерімен кездескен. Оның айтуынша, ел конституциясына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы әлі де халық талқысында. «Ерекше айтарым, «Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы жалпыхалық талқысынан толық өтеді. Содан кейін азаматтар білдірген пікірлер негізінде Заң шығару палатасы (Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы) оны жетілдіре түседі» деді Шавкат Мирзиеев. Президент негізгі заңға халықтың пікірін ескере отырып өзгеріс енгізілетінін айтты. «Қарақалпақстан Республикасының өзіне тән этникалық, мәдени ерекшеліктері, ұлттық әдет-ғұрыптары мен құндылықтары, айрықша құқықтық мәртебесін ескере отырып, жобадағы Қарақалпақстан Республикасының құқықтық мәртебесіне қатысты нормаларды өзгеріссіз қалдыру қажет деп есептеймін, яғни, Конституцияның 70, 71, 72, 74, 75-баптары өзгертілмейді» деп мәлімдеді Өзбекстан президенті.

Одан кейін Ш.Мирзеев Қарақалпақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Өзбекстан Президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов Telegram арнасында хабарлады. «Президент Жарлығымен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, олардың құқығы мен еркіндігін қорғау, заңдылықты қалпына келтіру және тәртіп орнату мақсатында Қарақалпақстан Республикасының аумағында 2022 жылдың 3 шілдесі күнгі сағат 00:01 минуттан 2022 жылдың 2 тамызы күнгі сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай жарияланды» делінген хабарламада. Өзбекстан Ұлттық гвардиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТЖ кезінде 21:00-ден 7:00-ге дейін коменданттық сағат болады. Қарақалпақстанға бару және ел аумағынан шығу шектеледі. Адамдар жаппай қатысатын шараларға тыйым салынады. Комендатура бастығы болып Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қолбасшысы Рустам Джураев тағайындалды.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу бекеттері уақытша жабылды. Оған Өзбекстанның ақпараттық жүйесіндегі ақау себеп болған. Елдің Ұлттық қауіпсіздік қызметі таратқан мәліметінше, «Даут ата» – «Тажен» өткізу бекетінде азаматтарды, көліктер мен жүкті өткізіп жатқан жоқ. «Қарақалпақ-Бейнеу» бағытындағы теміржол қатынасы да уақытша тоқтатылады. Осыған байланысты жолға шыққан жолаушыларға бағдарды алдын ала жоспарлау ескертілді.

Кеше Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы соңғы оқиғаларға қатысты мәлімдемесі жарияланды. «Өзбекстан – Қазақстан үшін бауырлас мемлекет, сенімді одақтас және стратегиялық серіктес. Сондықтан Қазақстанда соңғы күндері Өзбекстан Республикасында орын алған оқиғаларды алаңдаушылықпен қабылдады. Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстан Республикасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шешімдерін құптаймыз әрі қолдаймыз. Бауырлас Өзбекстанда аса маңызды саяси оқиға – Конституцияға түзетулер жөніндегі референдум қарсаңында  бейбітшілік пен тыныштық орнығатынына сенімдіміз. Қазақстан Өзбекстанмен 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт, 2013 жылғы 14 маусымдағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт және 2021 жылғы 6 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы декларация рухындағы көпсалалы ынтымақтастықты дамыту мен нығайту бағытына бекем» делінген онда. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<