Елімізде Nur Otan партиясының праймеризіне өтініш беру жалғастыруда. Тіркеудің аяқталуына бір күн қалды. Бүгінге дейін 10 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, олардың ішінде 8 915 адам кандидат ретінде тіркелді. Бұл туралы Хабар 24-ке сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, кандидаттардың 36,4%-ы – әйелдер, 28,9%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 3 023 кандидат ұсынылса, 6 978 – өзін өзі ұсынушылар. Партияішілік іріктеуге қатысуға ниет білдіргендердің жас ерекшеліктері мен әлеуметтік топтары әртүрлі. Сонымен қатар қазіргі мәслихат депутаттары да өздерін осы праймеризде сынап көруді жоспарлап отыр.
Солардың бірі – Павлодар аудандық мәслихатының депутаты, «Ауыл – мемлекеттің тірегі» жобасының негізін қалаушы Дмитрий Корепанов.
«Қалада дүниеге келдім, бірақ 2013 жылы ауылды көркейтуге, Ауыл шаруашылығын дамытуға күш саламын деп шештім. Ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұшырасатын қиыншылықтарын бір кісідей білемін. Бүгінде аграрлық секторда маман тапшылығы сезіледі. Әсіресе жас мамандар жетіспейді. Сондықтан қазір жастарды кәсіптік бейімдеуге, оларды фермерлік, ветеринарлық және аграрлық іске оқытуға бағытталған жобаны іске асырудамын. Праймериз – партиялық демократияны жандандырудың пәрменді тетігі. Саясатта тәжірибесі бар ма, жоқ па, ол жағы маңызды емес, әрбір кандидаттың мүмкіндігі бар», деп өз ойымен бөлісті Дмитрий Корепанов.
Додаға түсіп, партияластарының дауысына ие болуға бұрынғы облыс әкімдері де үмітті. Мысалы, Қызылорда облысының экс-әкімі Болатбек Қуандықов. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Самат Ескендіров те сайланбалы органдарда партияластарының мүдделерін білдіруге ниеттеніп отыр.
Айта кетейік, осы күндері Nur Otan партиясы Жақтастар лигасының өкілдері халықпен кездесіп, кандидаттарды тіркеу және праймериздердің келесі кезеңдеріне дайындық барасымен танысу үшін өңірлерге аттанып кетті. Олар сапарларының қорытындысы бойынша партияға тиісті ұсыныстар береді.
Естеріңізде болса, Nur Otan праймеризіне кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызда аяқталады. Оған қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<