«Nur Otan» үміткерлерді іріктеді

955

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде бастау алған ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына саяси партиялар да өз үміткерлерін ұсынуда.

Атап өтейік, 25 шілдеде еліміз бойынша бір мезгілде 700-ден астам ауыл әкімін сайлау жос­пар­ланса, Сыр өңіріндегі 132 ауыл­­дық деңгейдегі әкімнің 40-ы алғаш рет тікелей сайлауда таңдалмақ.

Өткен жылы жалпыұлттық жоспар шеңберінде сайлауға қатысты «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңға, «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізілген болатын.  Заң­намалардың жаңашылдығы – тең және төте сайлау құқығы не­гізінде жасырын дауыс беру арқылы ауыл әкімдерін сайлау. Бұрын жанама түрде сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқ­тап, ендігі әкімдер тікелей сайлау арқылы таңдалады. Бұл – еліміздің саяси дамуындағы айтулы оқиға, жаңа кезең. Ауыл тұрғындары өз әкімдерін тіке­лей сайлап, сол арқылы өз­дерінің саяси құқықтарын кең ауқым­да жүзеге асырудың тағы бір қосымша мүмкіндігіне ие болады. Үміткерлерді саяси пар­тия­лар арқылы ұсыну немесе кандидаттың өзін-өзі ұсынуға мүмкіндігі бар.

Сайлау заңнамасының жаңа талап­тарын қалт жібермеген «Nur Otan» партиясы ұсынылатын үміт­­керлерін іріктеп, додаға қо­суға белсене кірісті. Облыстық фи­­лиалға қарасты 7 аудандық филиалда алдымен 177 бас­тауыш партия ұйымының жина­лыс­тары мен Саяси кеңес Бюро отырыстары,  кезектен тыс кон­ференциялар өткізілді.

Конференцияларға аудандық партия филиалдарының Саяси кеңестері мен аудандық мәсли­хаттағы депутаттық фракциялары мүшелері, бастауыш партия ұйым­дарынан сайланған деле­гаттар мен «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері қатысты. Ауылдық округ әкім­дерінің сайлауына партия аты­нан ұсыны­латын кандидаттар таныс­ты­рылып, оларды аудандық сайлау комиссияларына тіркеуге ұсынды.

Жетекші партия өкілдері 25 шілде күні өтетін ауыл әкімдерінің тең және төте сайлауында өз үміткерін бәйгеге қоспақшы. Олардың қатарында 35 жасқа дейінгі жастар мен әйелдер де бар.

Ауыл әкімдері халықпен тікелей қарым-қатынаста болған соң, бұл сайлау билік пен халық арасындағы, өзара байланысты күшейтуге, әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін арт­тыруға үлкен серпін береді дейді жетекші партия өкілдері.