Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2024» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Дәстүрге айналған ұлттық байқаудан ақжолтай жаңалық келіп жетті. «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған әріптесіміз, бүгінде «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нұрлат Байгенже «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша үздік деп танылды.
Ұлттық бәйге 12 номинация бойынша өткізілді. Байқауға барлығы 400 өтінім келіп түскен. Үздік жұмыстарды белгілі журналистер мен медиа менеджерлерден құралған қазылар алқасы анықтады. Жеңімпаздарға «Үркер» естелік мүсіншесі және бір миллион теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктері үшін берілетін қазақстандық ұлттық сыйлық талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесіне құрмет көрсету, шығармашылығына қоғамның назарын аудару мақсатында тағайындалған. Байқау ұйымдастырушылары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры.
Әріптесімізді ұлттық сыйлықтың иегері атануымен құттықтаймыз.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<