Биыл Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Жетіскен Мәкеналының туғанына 70 жыл толып отыр. Сыр өңірінің рухани-мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік қолтаңбасы қалған ақынның мерейтойына орай оның атына көше беріліп, есімі ұлықталды.
Көшенің ашылу салтанатында Қазалы аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, қоғам қайраткері, Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаев, Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, туыстарының атынан Рахман Жұмағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, ақын туралы естеліктерін бөлісті.
Ақын Жетіскен Мәкеналыны ұлықтауға арналған шара Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Нұрлы ғұмыр» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Онда ақынның балалық шағынан бастап еңбек жолынан ерекше қойылымдар қойылды.
Аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыса, өнерпаздар Жетіскен Мәкеналының сөздеріне жазылған әндерді шырқап, көпшіліктің ілтипатына бөленді.
– Жетіскен Мәкеналыны көпшілік саналы ғұмырын мәдениет пен әдебиет саласына арнаған, қарапайымдылығымен және әділдігімен танылған азамат ретінде жақсы біледі.
«Ақын болу – өз еркің, азамат болу – міндетің» деген даналық сөз бар. Жүзінен жылы леп есіп тұратын Жетіскен ағаның адамдық ізгі қасиет, ұлттық рух, азаматтық болмыс терең бейнеленген шығармаларын оқырман қауым жоғары бағалады.
Ж.Мәкеналы ауданның мәдениет саласын да басқарды. Сондай-ақ өлке тарихын зерттеуде де көп еңбек етті. Оның туған жерге деген перзенттік ықыласынан туған ақжарма жырлары ақын шабытының байрағы іспеттес. Ел мен жер тарихы жайлы «Ортаймаған қазаны – Қасиетті Қазалы», «Асандар көтерілісі», «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы», «Ғани тағылымы» жинақтарын құрастырды. «Нұрбай би», «Ел мен Ер» прозалық кітаптары мен «ХХІ ғасырға аманат», «Тағдырмен тілдесу» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарды. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанды. Осының бәрі Жәкеңнің еңбегіне лайықты құрмет деп білеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов.
Көпшілікке арналған әдеби-сазды кеш «Қазалы вальсі» әнімен қорытындыланды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<