Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында әріптестері облыс әкімінің орынбасары болған Нұрымбет Сақтағановты жаңа қызметке құрметпен шығарып салды.
2022 жылдың маусым айынан бері облыс әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Аймақ басшысы Нұрымбет Аманұлына өңірдегі экономика, жұмыспен қамту, білім және денсаулық сақтау, соңғы уақытта құрылыс, автомобиль жолдары, бақылау салаларына жетекшілік жасап, жаңа жобалардың жүзеге асуына үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.
– Нұрымбет Аманұлын аймақ жұрты жақсы біледі. Ол мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтті және қай қызметте де өзін білікті басшы, мықты ұйымдастырушы, жанашыр азамат ретінде танытты. Өздеріңізге белгілі, өткен жылдың қорытындысымен аймағымызда макроэкономикалық көрсеткіштердің жоғары өсімі қалыптасып, өңірлер арасында алдыңғы қатарға тұрақтадық. Былтыр облыс бюджеті 387,3 млрд теңге көлемінде бекітілсе, жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аймақ қазынасы 441,2 млрд теңгеге жетіп, облысымызға бөлінетін субвенция көлемі 2 есе артты.
Биылғы облыс бюджеті 536,9 млрд теңге көлемінде бекітілсе, 8 айдың қорытындысымен 67,2 млрд теңгеге ұлғайып, 604,1 млрд теңгені құрады. Ауқымды жұмыстар мен жүйелі жобаларды үйлестіруде, әріптестерімен бірге республикадан қаржы тартуда Нұрымбет Аманұлының елеулі еңбегі бар екенін атап өтуіміз қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Нұрымбет Аманұлына Сыр жұртшылығы атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Актив отырысында мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов Н.Сақтағановты құттықтап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<