Облыс аумағында ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар аясында, инвесторлар демеушілігімен бой көтерген жаңа нысандардың қатары көп.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен қала әкімі Нұржан Ахатов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанның құрылыс барысын тексерді.
Алдымен сол жағалаудағы жаңа стадионның, физика-математика мектеп-интернатының және 40 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылыс алаңдарына барды. Стадионды бас мердігер «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС алдағы жылы ел игілігіне береді деп жоспарлануда. Мұнан бөлек, «Промстройсервис Е» серіктестігі 300 орындық жатақханасы бар, 400 оқушыға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысын өткен жылы бастады, нысан келесі жылы қолданысқа беріледі.
Ал тұрғын үйлер құрылысын қолға алған «Аман құрылыс», «Орион ЛТД», «Интегрострой», «Асар», «Промстройсервис Е», «Авангард-ПГС», «Техостнастка-Ремсервис» және «Абу-Сер» серіктестіктері де жұмысты алдағы жылы аяқтауды межелеп отыр.
Әрі қарай тарихи-мәдени мұра орталығының, музыкалық колледждің жаңа ғимаратының, «Инновациялық-шығармашылық орталығының» құрылыс барысы сараланды. Бас мердігерлер «Авангард ПГС», «Интегрострой», «Bi Global» серіктестіктерінің құрылысшылары нысандарды 2025 жылы қолданысқа беру үшін еңбек етуде.
Бүгінгі құрылыс нысаны – келешекте жылдар бойы ел игілігіне қызмет ететін ғимарат. Сондықтан оның сапалы салынуына, әрлеу жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарау керек. Тағы бір ескеретін талап – межелі мерзімінде пайдалануға беру. Бұл – аймақ басшысының тапсырмасы.
Қала әкімі Н.Ахатов пен басқарма басшысы Е.Төрәлиев құрылыс нысандары облыс әкімінің тікелей назарында екенін, қойылған талаптарға баса мән беру керектігін айтты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<