ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ТИІМДІ ШЕШІМІ

353

0

«Достық» үйінде облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда үш мәселе талқыланды. Қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырғаннан кейін, облыстық ішкі істер департаментінің 9 айда атқарған жұмыстары туралы департамент бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтың есебі тыңдалды.

Департамент басшысы 2018 жылдың 9 айында облыс көлемінде 5308 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, 2017 жылмен салыстырғанда 15%-ке төмендегенін атап өтті. Сонымен бірге, қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйінде, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар саны азайып отыр. Ауыр қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтірудің ашылу көрсеткіштері бойынша елімізде алдыңғы орындарда келеміз.

Есепті мерзімде, есірткі өсірудің 76 дерегі анықталып, жалпы салмағы 10 тоннадан астам болатын 73 мың түп сора өсімдігі жойылды. Жол қозғалысына бақылау күшейтіліп, соңғы үш жылдың ішінде автокөліктер санының артуына қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 3,4%, онда қайтыс болғандар 20%-ке азайды. Бұл – республика көлеміндегі жақсы көрсеткіштердің бірі. Есепті мерзімде жолда жүру ережелерін бұзудың 69 мың дерегі анықталып, оның ішінде, жол апаттарына тікелей әсер ететін автокөлікті мас күйінде басқарған – 927, жылдамдықты арттырған 8023 және қарсы бағытқа шыққан 160  тұлға әкім­шілік жауапқа тартылып, алдын алу жұмыстары күшейтілуде.

Жол-патрульдік полиция қыз­меті тамыз айынан бас­тап қоғамдық орындарда, оның ішінде көпқабатты үй­лер­дің аулалары мен халық көп шоғырланған аймақтарға жаяу пат­рульдеу бағытына шығарылып, бұл оң тәжірибе өз нәтижелерін беруде. Одан бөлек, қала маңында орналасқан саяжайлар мен Қарауылтөбе, Абай, Қараөзек ауылдарында рейдтік іс-шаралар жүргізілді.

Облыс орталығында қо­ғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған 272 бейне­бақылау камерасының көмегімен 13 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 50-ден аса қылмыстың беті ашылды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қосымша 1400 дана бейнебақылау камерасын орнату үшін адрестік бағдарлама бекітілді.

Қоғамдық кеңес мүшелері мұнан соң департамент басшысына бірқатар сауалдар қойды. Сонымен қатар, жақында болып өткен ауыр қылмыстар туралы әлеуметтік желідегі жағдайлар жайлы айтылды. Халық арасында осындай түрлі жорамал сөздер тарап кетпес үшін бірден түсінік берілсе деген ұсыныс жеткізілді. Бұл жөнінде Қ.Мұхитов қылмыстық іс анықталғаннан кейін бір сағат ішінде департаменттің құзырлы өкілдері тарапынан әлеуметтік желіде қысқаша түсінік берілетінін айтты. Онда қай жерде қандай қылмыс орын алғандығы, күдікті адамның ұсталғаны немесе іздестірілуде екендігі туралы мәлімдейді. Одан артық ақпарат, яғни тергеу толық аяқталып, одан кейін сот шешімі шыққанша қылмысқа күдікті адам туралы мәлімет беру заңға қайшы келеді.

Отырыста қаралған екінші мәселе облыс аумағында жер қатынастарын реттеу са­ласындағы жұмыстар турады облыстық жер қатынастары бас­қармасының басшысы Шах­мардан Қойшыбаев есеп берді. Ол Жер кодексіндегі өзгерістерді түсіндіріп өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бекітілген «Жер қатынастарын реттеу саласындағы міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес қолда бар жер қорына ревизия жүргізіліп жатқанын айтты. Бекітілген кес­те бойынша 2017 жылы – ауыл шаруашылығы және елді мекендер жерлері санатына, 2018 жылы – өнеркәсіп, қорғаныс және өзге де жерлер  мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, 2019 жылы орман қоры, су қоры және босалқы жерлер санаттарына ревизия жасалады. Ревизиялау қорытындысымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 2639,2 мың гектарды құрады. Анықталған өзгеріс 182,5 мың гектарға ұлғайды. Тиісінше, жер пайдаланушылардың саны 857 бірлікке артты. Елді мекен жері бойынша 259 елді мекен қамтылды. Ол жерлерде 72678 учаске ревизияланып, нақты жағдай мен құжаттамалық мәліметтерде 12873 учаскеге айырмашылықтар анықталған.

Қоғамдық кеңес мүшелері заңсыз иеленіп алған жер учаскелеріне қатысты проблемаларды шешуге келгенде облыстық жер қатынастары басқармасы облыстық жерді пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына сілтей­тінін, бұл басқарма өз кезегінде әкімдіктерге аудара салатынын айтып, мұны бір жүйеге келтіру қажеттігін ескертті.

Мұнан соң облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Қордабай 2019 жылға жоспарланып отырған бюджет жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, келесі жылға облыстық бюджет көлемі 152,9 млрд теңгеге болжамдалуда, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін субвенция 137,2 млрд теңге, өз кірістері 9,5 млрд теңге, республикалық бюджетке несиелер қайтару 2,8 млрд теңге,  аудандар мен Қызылорда қаласынан трансферттер түсімдері 3,4 млрд теңгені құрауда. Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен орталық атқарушы органдарға инфрақұрылым жобалары және ағымдағы нысаналы трансферт бойынша 2019 жылға құны 60,9 млрд теңге құрайтын 133 жоба ұсынылды. Ендігі кезекте, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен барынша жұмыс жасап, осы жобалардың қаржыландырылуын қамтама­сыз ету қажет.

Қоғамдық кеңес мүшелері бюджет жобасын облыстық мәслихат сессиясына талқылауға жібере беруге келісімдерін берді. Алайда, өткен жылғы жеке балабақшаларға қатысты туындаған дау-дамайдың қай­таланбауын басты назарға ұстау қажеттігін қатаң түрде ескертті. Бұл тапсырма кеңеске қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебековаға да айтылды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<