Мемлекет басшысының, Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың және бірлескен жұмыстардың нәтижесі Сыр еліндегі тың жобалардан көрінеді. Ауқымды инвестициялардың тартылуы тіректі салаларда серпінді қадамдар жасауға мүмкіндік берді. «Облысымыз 2022 жылдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша республика өңірлері арасында жоғары орындарға көтерілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 5,6 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,8 пайызға, инвестициялар тарту – 26,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 3,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 16,6 пайызға және сауда көлемі – 2,3 пайызға артты.
Аймағымыз инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде бірінші орынға шықты. Өткен жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 100,6 млрд. теңгеге артты (308,9 млрд. тг, 409,5 млрд. теңгеге)», – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев облыстық қоғамдық кеңес отырысында.
Еске салсақ, индустрияландыру бағытындағы құны 1 млрд. теңге болатын 5 жоба, биылға жоспарланған құны 13,4 млрд.теңгені құрайтын 9 жоба шикізатқа тәуелділіктен арылуға, экономиканы әртараптандыруға бағытталған. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп жылу электр орталығы іргетасының қалануы, «Коч Холдинг» компаниясымен Жаңақорған ауданында «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы, «TAT» компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 10 гектар жерге тәжірибелік қызанақ тұқымы егіліп, жаңа өнім жиналуы – шетелдік инвесторларды тарту бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі.Шыны зауыты жанынан құны 100 млрд. теңге болатын 8 ілеспе кәсіпорын құру жоспарланып, төртеуі бойынша жобалау жұмыстары басталса, қалған жобаларға инвестор іздестірілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<